«Еңбек адамы»: Астана жол жұмысшысы еңбек жолы туралы айтты

«Еңбек адамы»: Астана жол жұмысшысы еңбек жолы туралы айтты

Елорда көшелерінің тазалығын қамтамасыз етіп жүрген жол жұмысшыларының еңбегі көп жағдайда көзге көріне бермейді. Солардың бірі – Софиевкадан күн сайын таңғы сағат 5-те жұмысқа шығатын Әлібек Жаманбаев. Ол Астана көшелерін тазалау саласында 10 жылдан астам уақыт еңбек етіп, қала тазалығын өзінің елордаға қосқан үлесі деп біледі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Әлібек Жаманбаев «Астана Тазалық» кәсіпорнына алғаш рет 2007 жылы жұмысқа келген.
Жол жұмысшысының жұмыс күні таңғы 6:00-ден 15:00-ге дейін жалғасады. Әлібек Жаманбаев елордадан шамамен 30 шақырым жердегі Софиевка ауылында тұрады. Жұмысшылар қызметтік көліктерге отырып, таң атпастан жолға шығады. Таңғы сағат 5-те жұмыс орнына жетіп, киім ауыстырып, тапсырма алады. Сағат 6:00-де жұмысшылар көшеге шығады.

«Көшеге шыққанда әртүрлі жұмыс істейміз. Біреулер қоқыс жәшіктерін босатады, біреулер жуады. Көшені, тротуарларды, жолдың бойын сыпырамыз. Әртүрлі жұмыс бар», – дейді ол.

Жол жұмысшысының еңбегі жыл мезгілін талғамайды. Қыстың қақаған аязы, көктемгі жаңбыр, жаздың ыстығы мен күздің салқыны – жұмысты әсте тоқтатпайды.

«Бір жылда төрт мезгіл бар, әр мезгілдің өз қиындығы бар», – дейді кейіпкеріміз.
Әлібек Жаманбаев елорданың соңғы жылдардағы өзгерісін көшеде жүрген адам ретінде жақсы байқайды.

«Астана жыл сайын емес, күн сайын өзгеріп жатыр. Мен 2017 жылы келген кездегі Астана мен қазіргі Астананың айырмашылығы – жер мен көктей», – дейді ол.

Жол жұмысшысы үшін қала тазалығының нәтижесі – көзге көрінетін еңбектің бірі.

«Астананың тазалығын көргенде «мен де өз үлесімді қостым» деп мақтанамын», – дейді Әлібек Кауысханұлы.
Оның есінде тұрғындардың бірі айтқан сөз де ерекше сақталыпты. Бірде ол аялдама маңын жинап жүргенде, жасы үлкен апай жанына келіп, алғысын білдірген.

«Осы адамдардың еңбегі адал. Жаңбыр жауса, суды жоқ қылады, қар жауса, қарды жоқ қылады», – деп батасын берген екен.

Мұндай сөздер – қарапайым жұмысшы үшін үлкен қолдау.

Осы жылдар ішінде бұл жұмыс Әлібек Жаманбаевтың бойында төзімділік, шыдамдылық және жауапкершілік қалыптастырған.
Жұмыстан тыс уақытта ол Софиевкадағы үй шаруасымен айналысады. Бау-бақшаға қарайды, құс өсіреді. Бос уақытында кітап оқығанды ұнатады.

Ал қала тұрғындары мен қонақтарына айтар тілегі қарапайым.

«Тазалықты сақтаңыздар, адамдардың еңбегін бағалаңыздар», – дейді ол.
Елорданың таңғы көшелерінде қала тіршілігі әлі басталмай жатып, жұмысқа кірісетін жол жұмысшыларының еңбегі көбіне көзге байқала бермейді. Бірақ күн сайын таза көшеге шыққан әрбір тұрғын сол еңбектің нәтижесін көреді.