
27 қыркүйек күні сағат 19:00-де «Астана Арена» стадионында танымал қазақстандық әнші Қайрат Нұртастың концерті өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараның өткізілуіне байланысты қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көрермендердің стадионға ыңғайлы келіп-кетуіне жағдай жасау мақсатында «Астана Арена» стадионы маңында көлік қозғалысы уақытша шектеледі. Шектеу «Алау» мұз сарайы жағынан (Марко Поло көшесі) және «Сарыарқа» велотрегінен (Месроп Маштоц көшесі) енгізіледі.
Тыңдарманға ыңғайлы жағдай жасау және көлік кептелісін азайту үшін арнайы шаттл-бастар ұйымдастырылады.
Сағат 16:00-ден бастап олар қаланың төрт тұрақ орнынан «Астана Арена» стадионына қатынайды. Көрермендер көлігін сол жердегі тұраққа қалдырып, стадионға шаттл-баспен жете алады. Концерт аяқталғаннан кейін шаттл-бастар сол тұрақ орындарына жеткізеді.
Арнайы автобустар мына мекенжайларлардан қатынайды:
• «Астана» циркі маңындағы тұрақ;
• «Әзрет Сұлтан» мешіті маңындағы тұрақ;
• Қажымұқан көшесіндегі «Қазақстан» спорт кешені маңындағы тұрақ;
• «Нұр-Сұлтан» мешіті (Бас мешіт) маңындағы тұрақ.
Сондай-ақ көрермен концерт өтетін орынға жылдам әрі ыңғайлы жету үшін «Тарлан Астана» жеңіл рельсті көлік жүйесін пайдалана алады.
Кептеліс пен стадион маңындағы автотұраққа қатысты қиындықтарды болдырмау үшін маршрутты алдын ала жоспарлап, мүмкіндігінше қоғамдық көлікпен немесе шаттл-баспен қатынаған жөн.