Әрбір төртінші жағдайда москит торы себеп болған: Астанада мамандар балалардың терезеден құлауына байланысты ата-аналарға ескерту жасады

Әрбір төртінші жағдайда москит торы себеп болған: Астанада мамандар балалардың терезеден құлауына байланысты ата-аналарға ескерту жасады

Балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттік органдар жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Бүгінде Астанада 545 мыңнан астам бала тұрады. Сонымен қатар қаладағы балалар саны жыл сайын 20 мыңнан астам балаға өсіп келеді.

«Қазақстан балалары 2026-2030 жылдарға» арналған тұжырымдаманы іске асыру аясында «Баланың қауіпсіздікке құқығы» бағыты бойынша 40-тан астам іс-шараны, оның ішінде балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алуға бағытталған жұмыстарды қамтитын өңірлік жоспар бекітілді. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Асылан Уакишев, Астана қаласының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы бөлімінің басшысы Гүлмира Қарыбаева, Астана қаласының Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Марат Өмірбаев жан-жақты мәлімет берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Спикерлердің айтуынша, терезеден құлау балалар арасындағы жарақаттану мен өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі болып қала береді.

Зардап шеккендердің басым бөлігі – 2-4 жас аралығындағы балалар.
«Тәжірибе көрсеткендей, көп жағдайда балалар ересектердің тиісті бақылауынсыз қалған кезде терезеден құлап кетеді.

Москиттік торлар да ерекше қауіп төндіреді. Әрбір төртінші жағдай шамамен баланың москиттік торды итеріп жіберуі салдарынан болған. Мұндай торлар салмақ түсіруге арналмаған және құлаудан қорғай алмайды.

Жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында қала әкімдігі 2026 жылға балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алу жөніндегі жоспарды бекітті. Бұл бағыттағы жұмыстарды Полиция департаменті, Төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті атқарушы органдар, Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы және волонтерлік ұйымдар бірлесіп жүргізуде.

«Қауіпсіз терезе» акциясы аясында профилактикалық рейдтер, аулаларды аралау, түсіндіру жұмыстары және ақпараттық науқандар ұйымдастырылуда. Жыл басынан бері Төтенше жағдайлар департаменті көппәтерлі тұрғын үйлерде 500-ден астам аралау жұмыстарын жүргізіп, ақпараттық стендтерге 13 мыңнан астам жадынама орналастырды. Түсіндіру жұмыстарымен шамамен 17 мың тұрғын қамтылды», – дейді мамандар.

Әлеуметтік осал отбасылардың пәтерлеріне 1 700 қауіпсіздік құлпы орнатылды. 110 білім беру ұйымында дәрістер өткізіліп, олармен 6 мыңнан астам оқушы қамтылды. Сондай-ақ 100 балабақша мен мектеп жанындағы лагерьде профилактикалық сабақтар ұйымдастырылды. Ақпараттық материалдар ата-аналардың WhatsApp чаттарына, сондай-ақ МИБ және ПИК чаттарына жолдануда.

4-10 қыркүйек аралығында мектепке дейінгі ұйымдарда қосымша профилактикалық акция өткізілді. Қаланың әр ауданындағы балабақшаларда шамамен 150 блокиратордан орнатылды.

Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы ата-аналар мен заңды өкілдер арасында да түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Тек жазғы кезеңде профилактикалық іс-шаралармен шамамен 10 мың адам қамтылды. Балалардың үй жағдайындағы қауіпсіздік деңгейін өз бетінше тексеруге мүмкіндік беретін 5 мыңға жуық ата-аналарға арналған чек-парақ таратылды.

Сонымен қатар еңбек ұжымдарында балалардың қауіпсіздігіне арналған «бес минуттық» түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ашық терезелер мен москиттік торлардың қауіптілігі, сондай-ақ балаларды үнемі бақылауда ұстаудың маңыздылығы туралы профилактикалық бейнематериалдар әзірленді.

«Ата-аналарға арналған «Білім базасы» әзірленді. Онда балалардың құқықтары, ата-аналардың міндеттері, ата-аналық міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілік шаралары және қажетті психологиялық көмек алу мүмкіндіктері туралы ақпарат қамтылған.

Полиция департаменті де тұрғындар арасында тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Атап айтқанда, есеп беру кездесулері, аулаларды аралау, ата-аналар жиналыстары және профилактикалық акциялар өткізіледі. Ақпараттық материалдар 3 мыңнан астам көппәтерлі тұрғын үйдің чаттарында таратылады», – дейді спикерлер.

Ата-аналар мен ересектер мынадай қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтауы қажет:
• кішкентай балаларды қараусыз қалдырмау;
• терезелерге арнайы қауіпсіздік құлыптары мен блокираторлар орнату;
• баланың терезе алдына шығуына жол бермеу үшін жиһазды терезеге жақын орналастырмау;
• балалардың терезе алдында және балконда ойнауына жол бермеу;
• москиттік торларды баланың терезеден құлауынан қорғайтын құрал ретінде пайдаланбау.
Терезелерге қорғаныс құрылғыларын орнату және балаларды үнемі бақылауда ұстау жазатайым оқиғалардың қаупін едәуір төмендетуге мүмкіндік береді.

«Балалардың құқықтарын қорғауға қатысты барлық мәселелер бойынша қала тұрғындары Балалардың құқықтарын қорғау басқармасына кез келген қолжетімді байланыс құралы арқылы жүгіне алады.

Мемлекеттік органдар ата-аналар мен барлық ересектерді балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға және оларды қараусыз қалдырмауға шақырады», – деп түйіндеді.