
«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Астана медицина университетінде шетелдік студенттермен жастардың құқықтық сауаттылығы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған профилактикалық кездесу өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Кездесуге құқық қорғау органдарының, прокуратураның және жоғары оқу орны басшылығының өкілдері қатысты. Талқылаудың негізгі тақырыптары Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ киберқауіпсіздік мәселелері болды.
Іс-шара бағдарламасында бірнеше негізгі бағыт бойынша сарапшылардың баяндамалары ұсынылды.
Атап айтқанда, Астана қаласы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Алтынбек Масақбаев шетелдік студенттердің құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігін егжей-тегжейлі түсіндірді.
Сарыарқа ауданы прокуратурасы бөлімінің прокуроры Қасымжомарт Бейсенбай шетел азаматтарының Қазақстан аумағында болуына қатысты қолданыстағы заң нормалары мен талаптарын түсіндірді.
Астана қаласы ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция капитаны Айдар Қонысбек пен осы басқарманың аға жедел уәкілі, полиция майоры Денис Бондаренко студенттерге интернеттегі заманауи қауіптер, алаяқтық схемалары және олардан қорғанудың тиімді жолдары туралы айтып берді.
«Шетелдік студенттердің визаны ұзарту кезінде жиі жіберетін қателіктері – құжаттарды уақытында тапсырмау, қажетті анықтамалардың болмауы немесе елде болу мерзімінің сәйкес келмеуі. Осыған байланысты студенттерге визаны ұзарту үшін алдын ала, яғни 45 күн бұрын Халықаралық бөлімге жүгінуге кеңес беріледі.
Университет сайтында виза мәселелері бойынша ағылшын тіліндегі арнайы жадынама да бар.
Шетелдік студенттер фишингтік хабарламаларға, өзін банк немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстыратын алаяқтардың қоңырауларына, сондай-ақ ақша аударуды немесе SMS-кодты хабарлауды сұрайтын ұсыныстарға жиі тап болады.
Бұл жерде цифрлық қауіпсіздіктің негізгі ережесі қарапайым: ешкімге және ешқандай жағдайда құпиясөздерді, растау кодтарын, банк деректерін беруге, сондай-ақ күмәнді сілтемелерге өтуге болмайды», – деді Әлеуметтік-тәрбие жұмысы департаментінің директоры Зауреш Нақыповна.
Оның айтуынша, құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында университет тұрақты түрде ақпараттық және профилактикалық кездесулер ұйымдастырып, студенттерге Қазақстан заңнамасы мен жатақханада тұру ережелерін егжей-тегжейлі түсіндіреді. Егер студент қандай да бір қиындыққа, құқықтық мәселеге немесе алаяқтыққа тап болса, ең алдымен шетелдік студенттермен жұмыс жөніндегі деканатқа немесе халықаралық ынтымақтастық бөліміне көмек сұрап жүгіне алады.
#законипорядок #заңментәртіп