
Астана қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейінің бастапқы әскери даярлық пәні оқытушы-ұйымдастырушысы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің запастағы подполковнигі Жақсыбай Есжанов – спортты өмір салтына айналдырған ұстаз. Ол марафон, жеңіл атлетика, дзюдо және вертикалды жүгіру бағыттарында бірқатар жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
2018 жылы Астанада өткен вертикалды жүгіру жарысында Жақсыбай Есжанов 34 қабатты небәрі 4 минутта жүгіріп өтіп, бірінші орынға ие болған.
Ұстаз марафонда да жоғары нәтижелер көрсеткен. Ол Астана, Алматы, BI және Шымкент марафондарына қатысқан. 2017 және 2021 жылдары Астана марафонында 42,195 шақырым қашықтықта екінші орын алған.
2018 жылы Астанада өткен тәуліктік марафонда 6 сағат ішінде 72 шақырым жүгіріп, бірінші орын иеленген. Ал 2021 жылы «Ұлы марафон» аясында Астана, Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Ақтөбе және Орал қалаларын қамтитын 2021 шақырымдық қашықтықты еңсерген.
Жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионаттарында да жүлдеге ие болған. 2021 жылы Павлодарда өткен чемпионатта 200 және 400 метр қашықтықтарда, 2022 жылы Қарағандыда өткен жарыста 200 және 800 метр бойынша екінші орын алған.
Сонымен қатар ұстаз табиғи жерде өтетін Trail Run жарыстарына қатысып, 2019 жылы Қарағанды қаласында үшінші орын иеленген.
Дзюдодан Қазақстан Республикасы ардагерлері арасындағы чемпионатта 2021 және 2024 жылдары жүлделі орындарға ие болған.
Жақсыбай Есжанов көптеген қайырымдылық және қалалық спорттық іс-шараларға да тұрақты қатысып келеді. Сондай-ақ көпсайыстық Президенттік нормативті орындаған. Ұстаз үшін спорт – жарыстағы нәтиже ғана емес, шәкірттерге еңбекқорлық, тәртіп пен төзімділіктің үлгісін көрсетудің бір жолы.