«Педагог × AI: Болашақ білімі»: Астанада мұғалімдер арасында ерекше сайыс өтті

«Педагог × AI: Болашақ білімі»: Астанада мұғалімдер арасында ерекше сайыс өтті

Астанада Мұғалімдер күні мен Еңбек күніне орай «Педагог × AI: Болашақ білімі» атты қалалық иммерсивті сайыс өтті. Үш мектептің педагогтері бес кезең бойынша бақ сынап, мұғалімнің кәсіби тәжірибесі мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін салыстыра отырып, заманауи білім беруде технологияны тиімді пайдалану жолдарын көрсетті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шара барысында ұстаздардың қоғамдағы рөлі, білім беру саласына жасанды интеллектіні енгізудің маңызы және заманауи технологияларды оқу үдерісінде тиімді пайдалану мәселелері сөз болды. Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығының әдіскері Ерғазы Манапұлы мұндай жобалардың педагогтердің кәсіби дамуына жаңа мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Ең әуелі еліміздегі барша ұстаздар қауымын алда келе жатқан кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Жасанды интеллект тақырыбына арналған бүгінгі іс-шара мазмұнды, жан-жақты әрі тартысты өтті. Осы іс-шара арқылы әр қатысушы өзіне қажетті тың ақпарат пен тәжірибе алды деп ойлаймын. Бүгінгі іс-шараның басты ерекшеліктерінің бірі – мұғалімдер сайысына оқушылардың баға беруі.

Мұның өзі білім беру саласындағы жаңашыл көзқарастың көрінісі деп есептеймін», – деді Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығының әдіскері Ерғазы Манапұлы.

Білім сайысында Астана қаласындағы №13, №15 және №17 мектептердің құрама командалары бақ сынады. Бес кезеңнен тұратын сайыста педагогтер екі топқа бөлініп, білім беру үдерісіндегі дәстүрлі педагогикалық тәсілдер мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін салыстыра отырып, өз ұстанымдарын ортаға салды.

Сайыс барысында қатысушылар теориялық білімінен бөлек, нақты педагогикалық жағдайда шешім қабылдау, оқушымен және ата-анамен тіл табысу, күрделі ақпаратты қарапайым әрі түсінікті жеткізу қабілеттерін де көрсетті.

Білім беру жүйесі технологиямен бірге өзгергенімен, оның өзегінде ұстаз бен оқушы арасындағы байланыс қала береді. Ал жасанды интеллект осы байланысты алмастыруға емес, педагогтің мүмкіндігін кеңейтіп, білім беру сапасын арттыруға қызмет еткенде ғана тиімді құралға айналмақ.