
Астанадағы №39 «Меруерт» балабақшасында ерекше еңбек жолы бар жас маман жұмыс істейді. Сағат Аружан Танатқызы – өзі тәрбиеленген балабақшаға жылдар өткен соң тәрбиеші болып оралды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Аружан 2009-2013 жылдары №39 «Меруерт» балабақшасына тәрбиеленуші ретінде барған. Кейін 2013-2022 жылдары №15 мектеп-лицейде білім алған.
2022-2025 жылдары Астана халықаралық университетінің Педагогикалық колледжінде «Мектепке дейінгі тәрбие және білім беру» мамандығын меңгеріп, кәсіби білім алған жас маман еңбек жолын өзі тәрбиеленген №39 «Меруерт» балабақшасынан бастады.
Бүгінде Аружан үш жастағы бүлдіршіндермен жұмыс істеп, олардың алғашқы білім алуына, қоршаған ортаны тануына және тұлға болып қалыптасуына үлес қосып келеді.
Жас маман білімін одан әрі жетілдіруге де мән береді. 2025 жылы жоғары оқу орнына түсіп, кәсіби дамуын жалғастырып келеді.
Өзі тәрбиеленген балабақшаға тәрбиеші болып оралуы – Аружан үшін кәсіби жолдың ғана емес, балалық шағымен сабақтас ерекше бір белестің жалғасы. Бүгінде ол кезінде өзі білім мен тәрбие алған ортада жаңа буын бүлдіршіндерге тәлім беріп жүр.