Астанада зейнеткерлер арасында скандинавиялық жүрістен эстафета өтті

Астанада зейнеткерлер арасында скандинавиялық жүрістен эстафета өтті

Астанада Халықаралық қарттар күніне орай зейнеткерлер арасында скандинавиялық жүрістен эстафета өтті. Ботаникалық саябақта ұйымдастырылған спорттық іс-шараға Нұра ауданының әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінен 130 адам қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Эстафетада қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше санатқа бөлінді. Жарысқа 61 жастан асқан әйелдер мен 63 жастан жоғары ерлер қатысты.

Атап айтқанда, бірінші кезеңде 63-65 жастағы ерлер мен 61-65 жастағы әйелдер бақ сынады. Екінші кезеңде 66-70 жастағы ерлер мен әйелдер жарысқа қатысты.

Үшінші кезеңде 71-75 жастағы қатысушылар өзара сынға түсті. Төртінші кезең 76-80 жастағы ерлер мен әйелдер арасында өтті.

Сонымен қатар 81 жастан асқан қатысушылар үшін жеке санат ұйымдастырылды.

Эстафетаға қатысушылардың қатарында 72 жастағы зейнеткер де бар. Оның айтуынша, скандинавиялық жүріспен айналысып жүргеніне екі жыл болған. Бұл спорт түріне ол жолдасымен бірге қатысады.

«Мен 72 жастамын. Скандинавиялық жүріспен айналысып жүргенімізге екі жыл болды. Жолдасым екеуміз бірге қатысамыз.

Қарттар күніне орай осындай іс-шара ұйымдастырып жатқанына ризамыз. Мұндай жарыстар бізге белсенді болуға, денсаулығымызды күтуге және өз қатарластарымызбен бірге уақыт өткізуге мүмкіндік береді», – деді ол.

Эстафета арқылы қатысушылардың салауатты өмір салтын ұстануына және белсенді қимыл-қозғалысқа қызығушылығын арттыруға жағдай жасалды.