
Астанада «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Ақбұлақ жылғасын биологиялық жолмен тазарту жұмысы жүргізілді. Мамандар су экожүйесін қалпына келтіру, ластану деңгейін төмендету және судың сапасын жақсарту үшін құрамында пайдалы микроорганизмдер бар сертификатталған биопрепараттарды қолданды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Экологиялық акцияны Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткізді.
Акция барысында мамандар мен еріктілер су айдынының экожүйесін табиғи жолмен қалпына келтіруге, ластану деңгейін төмендетуге және судың сапасын жақсартуға бағытталған сертификатталған биопрепараттар қолданды.
«Бұл биопрепараттар су айдындарын биологиялық тазарту, яғни су экожүйесіндегі экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіру үшін қолданылады.
Ғылыми зерттеулер барысында біз жаңа микроорганизм штамдарын әзірледік. Олар да осы су айдынынан алынған. Ол Bacillus subtilis деп аталады.
Бұл микроорганизмдер зерттеуден өтіп, арнайы сұрыптаудан өтті. Сонымен қатар жоғары концентрациялы биопрепарат алынды. Ол – BioLine ABS Bio. Құрамында белсенді микроорганизмдер культурасы бар. Препарат суды тазарту үшін қолданылады», – деді Astana Bioscience Business Center компаниясының ғылым жөніндегі директор орынбасары Азамат Садықов.
Маман Ақбұлақ су айдынын тазарту мақсатында бірнеше препарат әзірлегенін атап өтті.
Бұл жұмыстардың барлығы 2026 жылдың басынан бері Ақбұлақ су айдынын кешенді тазартуға арналған үш жылдық бағдарлама аясында өтіп жатыр.
Мамандардың айтуынша, қолданылатын биологиялық тазарту технологиялары әр су айдынының ерекшелігіне қарай бейімделеді. Бұл әдіс химиялық реагенттерді қолданбай, су экожүйесін қалпына келтіруге бағытталған.
Айта кетейік, экологиялық акцияға қатысқандар мен еріктілер Астана маңындағы Сарыбұлақ және Талдыкөл көлдерінде де осындай биологиялық тазарту жобаларын жүзеге асырып жатыр.