Астанада жаңа әуежай Сингапур компаниясының қатысуымен салынады

Астанада жаңа әуежай Сингапур компаниясының қатысуымен салынады

Астана қаласының әкімдігі, Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі және Changi Airport Group компаниясының еншілес құрылымы Changi Airports International (CAI) елорда әуежайы инфрақұрылымын ұзақ мерзімді дамыту саласындағы стратегиялық серіктестікті дамытуға бағытталған ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімге қол қойды.

Негіздемелік келісімге қол қою қорытындысы бойынша екі негізгі бағытта ресми келісімге қол жеткізілді:

1. Астанада жаңа әуежай салу
Тараптар Астана қаласында жаңа әуежай салу жобасын іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы келісті. Жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық авиациялық хаб қалыптастыру және Астананың транзиттік әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылады.

2. Қолданыстағы Астана халықаралық әуежайын дамыту
Тараптар қолданыстағы Астана халықаралық әуежайы бойынша Changi Airports International компаниясымен ынтымақтастық туралы келісті. Оның ішінде компанияның әуежайды басқаруға, операциялық қызметке (O&M) және оны одан әрі дамыту бағыттарына қатысуы көзделген.

Қазіргі уақытта тараптар серіктестік құрылымын, жобаларды іске асыру шарттарын келісу және қажетті құжаттарды әзірлеу бойынша бірлесіп жұмыс істеп жатыр.

Негіздемелік келісімге қол қою Changi Airport Group басшылығының Астанаға сапары барысында қол жеткізілген тараптар арасындағы уағдаластықтарды бекітіп, жаңа әуежай салу жобасын одан әрі бірлесіп іске асыруға, сондай-ақ қолданыстағы Астана халықаралық әуежайын одан әрі дамыту бағыттарындағы ынтымақтастыққа негіз қалыптастырады.

Келісімге Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов, Қазақстан Республикасының көлік вице-министрі Талғат Ластаев және Changi Airports International компаниясының бас директоры Юджин Ган қол қойды.

Ынтымақтастық Астана қаласы әкімдігі мен Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің елорда авиациялық инфрақұрылымын дамыту жөніндегі ұзақ мерзімді көзқарасын CAI компаниясының әуежайларды жоспарлау, салу және басқару саласындағы халықаралық тәжірибесімен ұштастырады.

2026 жылғы тамызда Қазақстандағы келіссөздер барысында Changi Airport Group жаңа әуежай салу жобасын іске асыру және Астананы өңірлік авиациялық хаб ретінде дамыту үшін өз тәжірибесін ұсынуға дайын екенін білдірді. Келіссөздердің жалғасы ретінде қазақстандық делегация Сингапурда Changi Airports International өкілдерімен кездесу өткізді. Оның қорытындысы бойынша тараптар одан әрі ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындады.

Негіздемелік келісімге қол қою тараптардың өзара іс-қимылының келесі кезеңіне айналып, қол жеткізілген уағдаластықтарды бекітті.
Changi Airport Group (CAG) туралы
Changi Airport Group (CAG) – Сингапурдың мемлекеттік компаниясы. Ол елдің әуежай инфрақұрылымын, соның ішінде Changi халықаралық әуежайын басқаруға және дамытуға жауап береді. CAG әуежайдың операциялық қызметін басқарады, жолаушылар және жүк тасымалын, коммерциялық инфрақұрылымды, сервистер мен цифрлық шешімдерді дамытады.

Changi Airport – әлемдегі жетекші халықаралық авиациялық хабтардың бірі.

2025 жылы әуежай шамамен 70 млн жолаушыға және 2 млн тоннадан астам жүкке қызмет көрсетіп, Сингапурды әлемнің 170-тен астам қаласымен байланыстырды. Changi сондай-ақ Skytrax World Airport Awards нұсқасы бойынша 14 рет «Әлемдегі үздік әуежай» атағын иеленген. Оның ішінде 2025 және 2026 жылдардағы марапаттар да бар.

CAG халықаралық жобаларды 35-тен астам елдегі 90-нан астам әуежайда жұмыс тәжірибесі бар еншілес құрылымы Changi Airports International (CAI) арқылы да жүзеге асырады.