Астанада ерекше балаларды қолдау және жасөспірімдердің қауіпсіздігі мәселелері талқыланды

Астанада ерекше балаларды қолдау және жасөспірімдердің қауіпсіздігі мәселелері талқыланды

Астанада ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтендіру шаралары, сондай-ақ кәмелетке толмағандар мен жастарға психологиялық көмек көрсету мәселелері талқыланды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бұл мәселелер Астана әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысында қаралды. Жиынға қала әкімінің орынбасары Талғат Рахманберді төрағалық етті.

Бірінші мәселе бойынша қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржангүл Қайырбаева елордада ерекше білім беру қажеттіліктері бар 23 мыңнан астам бала тұратынын айтты.

Оларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетіледі. Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның (ПМПК) қорытындысына сәйкес, 5 800 балаға жеке түзету бағдарламалары әзірленген.

Қала мектептерінде 414 арнайы педагог және 776 педагог-ассистент жұмыс істейді. Соңғы екі жылда инклюзияны қолдау кабинеттерінің саны 28-ге артып, 85-ке жетті.

Сонымен қатар соңғы бес жылда арнайы білім беру ұйымдарының саны 18-ден 21-ге дейін өсті. Қазір елордада үш арнайы мектеп, үш арнайы мектепке дейінгі ұйым және екі оңалту орталығы жұмыс істейді.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кәсіптік оқыту мен жұмысқа орналастыруға да ерекше көңіл бөлінеді. Биыл алғаш рет зияткерлік даму ерекшеліктері бар 20 студент колледжде «наубайшы» және «кондитер» мамандықтары бойынша оқуын аяқтады. Тағы 10 студент тігін ісі саласында білім алды.

Қосымша білім беру жүйесінде Астананың алты ауданындағы 11 ұйымда 296 бала бейімделген спортпен, музыкамен, хореографиямен, өнермен, шығармашылықпен және басқа да бағыттармен шұғылданады.

Талқылау барысында Комиссия мүшелері жүйелі шешімдерді қажет ететін бірқатар мәселеге тоқталды. Атап айтқанда, түзету көмегінің қолжетімділігі, түзету және инклюзияны қолдау кабинеттерінің жеткіліктілігі, сондай-ақ білім беру ұйымдарының қажетті мамандармен және тиісті жағдайлармен қамтамасыз етілуі талқыланды.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдердің оқуын жалғастыруы және болашақ мамандығын таңдауы мәселесіне де ерекше назар аударылды. Осыған байланысты бейінді басқармалармен бірлесіп, жоғары сынып оқушылары мен мүгедектігі бар талапкерлерге кәсіптік бағдар беру жұмысына талдау жүргізу ұсынылды. Олар таңдаған мамандықтарды елордадағы кадрларға нақты сұраныспен және кейін жұмысқа орналасу мүмкіндіктерімен салыстыру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлердің колледждер мен жоғары оқу орындарына түсу шарттарын республикалық деңгейде қайта қарау мәселесі көтерілді. Атап айтқанда, талапкерлердің ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып, ҰБТ-ны шекті талап ретінде қолдану тәсілдерін пысықтау ұсынылды.

Отырыста әлеуметтік сала ұйымдарында ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін логопедтер, дефектологтар және басқа да мамандардың мәртебесі де талқыланды. Олардың жұмысының сипаты мен маңыздылығын ескере отырып, осы мамандардың кәсіби мәртебесін жетілдіру және әлеуметтік қолдау шараларын күшейту мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Жасөспірімдерге психологиялық және психиатриялық көмек көрсету мәселесі де бөлек қаралды.
Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айнұр Төлеуованың айтуынша, елордада балалар мен жасөспірімдерді қолдаудың олардың эмоционалдық саулығын сақтауға және қажетті көмекті уақтылы көрсетуге бағытталған көпдеңгейлі жүйесі қалыптастырылған.

Мазасыздық жағдайлары мен қауіп факторларын ерте анықтауға, балаға уақтылы қолдау көрсетуге және мамандардың отбасымен өзара іс-қимылына ерекше көңіл бөлінеді. Мұндай тәсіл қажетті көмекті ерте кезеңде көрсетуге және балалардың денсаулығын сақтап, толыққанды дамуына жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде Астана қаласы Полиция департаменті ювеналды полиция бөлімінің бастығы Әлия Жүсіпова жасөспірімдердің психологиялық саулығы мен буллингтің алдын алу мәселелері кешенді тәсілді қажет ететінін және бұл тек бір ведомствоның міндеті болмауы керектігін атап өтті.

Оның айтуынша, бұл бағытта ата-аналардың, мектептің, психологтар мен мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысы маңызды. Сондай-ақ ол бала тәрбиесіне қатысты жауапкершіліктің отбасы мен мектеп арасында бір-біріне жүктелу мәселесіне назар аударып, баланың эмоционалдық жағдайына дер кезінде көңіл бөлудің маңызын атап өтті.

Комиссия отырысының қорытындысында балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру, олардың әлеуетін дамыту және қоғамға толыққанды кірігуіне жағдай жасау үшін мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өзара іс-қимылын күшейту қажеттігі атап өтілді.