
Астанада шорт-тректен Қазақстан Республикасының чемпионаты аяқталды. Жарыс қорытындысы бойынша елордалық спортшылар 18 медаль жеңіп алды: 9 алтын, 3 күміс және 6 қола, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Жекелей жарыстарда Малика Ермек 500 метр қашықтықта екі рет жеңімпаз атанып, 1000 метрде де алтын медаль иеленді. Айбек Насен 1000 метрде бірінші орынға ие болды. Богдан Вехов 500 және 1500 метр қашықтықтарда топ жарды. Ал Әділ Ғалиахметов 1000 метрде алтын медаль жеңіп алды.
1500 метр қашықтықта күміс медальдарды Малика Ермек, Әділ Ғалиахметов және Айбек Насен иеленді.
Қола жүлдегерлер қатарында 1000 метрде Әділ Ғалиахметов, 1500 метрде Малика Ермек пен Айбек Насен, сондай-ақ 500 метрде Нұрия Алпысбай мен Павел Цой бар.
Елордалық спортшылар эстафеталық жарыстарда да сәтті өнер көрсетті. Әйелдер арасындағы 3000 метрлік эстафетада Астана құрамасы алтын медаль жеңіп алды. Команда сапында Малика Ермек, Нұрия Алпысбай, Даяна Айтыбек, Айзада Алтынбек және Қорлан Сат өнер көрсетті.
Ерлер арасындағы 5000 метрлік эстафетада да елордалық команда бірінші орынға ие болды. Астана намысын Богдан Вехов, Тамирлан Жолдас, Дінмұхамедалдияр Тәжібай, Айбек Насен және Санжар Жанисов қорғады.
2000 метрлік аралас эстафетада Астана құрамасы қола жүлдеге ие болды. Команда құрамында Нұрия Алпысбай, Малика Ермек, Айзада Алтынбек, Қорлан Сат, Павел Цой, Нұрлан Қайырбеков, Жанарыс Мағжан және Әділ Ғалиахметов өнер көрсетті.
Осылайша, Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша елордалық шорт-трекшілер 18 медаль жеңіп алды: 9 алтын, 3 күміс және 6 қола.