Астанада IV қалалық «Жігерлі жандар» парамарафоны өтті

Астанада IV қалалық «Жігерлі жандар» парамарафоны өтті

Елордадағы Триатлон саябағында мүмкіндігі шектеулі 80-нен астам қатысушыны біріктірген IV қалалық «Жігерлі жандар» парамарафоны өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараның арнайы қонағы – Қазақстанның тұңғыш паралимпиада чемпионы Зүлфия Ғабидуллина. Ол қатысушыларға қолдау көрсетіп қана қоймай, марафонға өзі де қатысты.

Мәре сызығын бағындырған барлық қатысушыға естелік медальдар мен сыйлықтар табысталды. Спорттық мереке соңында лотерея ұйымдастырылып, қатысушыларға бағалы сыйлықтар берілді.

«Жыл сайын бұл шараға қатысушылардың саны артып, нағыз спорт мерекесіне айналып келе жатқаны қуантады. Бүгінгі атмосфера, қатысушылардың эмоциясы мен жүздеріндегі күлкі – атқарған жұмысымыздың ең жақсы бағасы. Осы күннің ерекше өтуіне үлес қосқан барлық серіктестер мен волонтерлерге ерекше алғысымды айтамын», – деді «Паралимпиадалық жаттығу орталығы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Абдусаид Назаров.