Еңбек күні: елордалық тігінші кәсібінің қыр-сырымен бөлісті

Еңбек күні: елордалық тігінші кәсібінің қыр-сырымен бөлісті

Елордада түрлі салада маңдай терімен адал еңбек етіп жүрген мамандар көп. Солардың бірі – «ПИК ASTANA Ютария ltd» ЖШС-нің тігіншісі Жадыра Құсайынова. Ол Еңбек күні қарсаңында тігіншілік кәсібіне қалай келгені, жұмыс барысында кездесетін қиындықтар мен бұл мамандықта қажет қасиеттер туралы айтып, тігіншілік жұмысының қыр-сырымен бөлісті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жадыра Құсайынова тігіншілікпен 2021 жылдан бері айналысып келеді. Ол бұл мамандыққа бала кезден қалыптасқан қызығушылығының арқасында келгенін айтады. Матамен жұмыс істеп, киім тігуді ұнатқан ол уақыт өте келе әуестігін кәсіби жұмысына айналдырған.

«Тігіншілікке қызығушылығым болғандықтан осы мамандықты таңдадым. Киім тігу, матамен жұмыс жасауды ұнататынмын. Бірте-бірте қызығушылығым жұмысқа айналды», – дейді тігінші.

Маманның айтуынша, алғашқы жұмыс
күндері оңай болмаған. Оның ең алғашқы тіккен бұйымы шалбардың жан қалтасы екен.

«Алғашқы тіккен жұмысым – шалбардың жан қалтасы. Басында біраз қиналдым, қателіктер де болды. Бірақ сол қиындықтар мен қателіктер арқылы үйреніп, тәжірибе жинадым», – дейді ол.

Жадыра Құсайынова тігіншілік кәсібін меңгеру барысында әріптестерінен көп нәрсе үйренген. Мамандар жаңа үлгілерді көрсетіп, жұмыс барысында бағыт-бағдар беріп отырған. Ал қалған тәжірибені күнделікті еңбек арқылы қалыптастырған.

Тігіншінің пікірінше, бұл кәсіпте ең алдымен ұқыптылық, шыдамдылық және жауапкершілік қажет. Себебі жұмыстағы кішкентай қателіктің өзі дайын бұйымның сапасы мен пішініне әсер етуі мүмкін.

«Әр өлшемді дұрыс алып, матаны мұқият қиып, тігістерді сапалы орындау қажет. Кейде бір бұйымды жасауға көп уақыт кетеді. Мұндай кезде шыдамдылық керек», – дейді Жадыра Құсайынова.

Оның айтуынша, киім сапасына матаның сапасы, өлшемнің дұрыс алынуы және тігістің ұқыпты орындалуы тікелей әсер етеді. Тігісі түзу, өңдеуі сапалы бұйым әрі әдемі, әрі ұзаққа шыдамды болады.

Тәжірибелі тігінші бұл кәсіпті таңдауға ниетті жастарға да өз кеңесін берді. Оның сөзінше, мамандықты меңгеруде ең бастысы – қызығушылық пен еңбекқорлық.

«Егер тігіншілікке қызығушылығы болса, жастарға осы кәсіпті үйренуге кеңес беремін. Басында қиын болуы мүмкін, бірден тәжірибе жинау оңай емес. Бірақ тырысып, үйреніп кетуге болады. Ең бастысы – шыдамды болып, өз ісіңді жақсы көру», – дейді ол.

Айта кетейік, «ПИК ASTANA Ютария ltd» ЖШС өнеркәсіп пен бизнестің түрлі салаларына арналған кәсіби киімдер шығарушы компания. Заманауи технологиялар мен білікті мамандардың арқасында компания арнайы киім үлгілерін әзірлеу және өндіру, әскери және қос мақсаттағы бұйымдар, сондай-ақ кәсіпорындар мен ведомстволарға арналған формалық киімдерді шығарып келеді.