
Қазақстанда «Кітап оқитын ұлт» республикалық оқу марафоны аясында арнайы конкурстан тыс Parasat бағытына тіркелу басталды. Енді марафонға жүлде мен орын үшін бәсекеге түспей-ақ, жеке үлгісі арқылы оқу мәдениетін қолдағысы келетін кез келген адам қатыса алады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Негізгі марафон жарыс форматында өтеді. Алайда тәжірибе көрсеткендей, «Кітап оқитын ұлт» қозғалысына қосылғысы келетін, бірақ бәсекеге түсіп, жүлде үшін таласуға ниеті жоқ адамдар да көп. Осы азаматтар үшін Parasat бағыты құрылды.
Жаңа бағыт кітап оқуды жеке дамуының маңызды бөлігі деп санайтын және бұл идеяны көпшілік алдында қолдауға дайын адамдарды біріктіреді. Оған мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттар, ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері, кәсіпкерлер, қоғам белсенділері, кәсіби қауымдастық өкілдері, сондай-ақ Қазақстан азаматтары мен шетелде тұратын қандастар қатыса алады.
Сонымен қатар Parasat бағыты баршаға ашық. Қатысушының кәсібі, қызметі, тұрғылықты жері мен азаматтығына шектеу қойылмайды.
«Кітап оқитын ұлт» — тек байқау немесе жүлделі орындар үшін күрес емес. Бұл, ең алдымен, кітап оқуды қоғамның күнделікті мәдениетінің бір бөлігіне айналдыру идеясы. Parasat бағыты осы идеяны жеке үлгі арқылы қолдауға мүмкіндік береді: кітап оқу, өз ойымен бөлісу және оқу мәдениетінің әлеуметтік мәртебе мен мамандыққа қарамастан адамдарды біріктіретінін көрсету», — дейді марафон ұйымдастырушылары.
Parasat қатысушылары республикалық марафонның бірыңғай тізіміне енген 15 шығарманы оқуы тиіс. Тізімге қазақ және орыс тілдеріндегі кітаптар енгізілген.
Әр кітапты оқып болған соң қатысушы жеке кабинетінде қысқаша пікір қалдырып, шығарма туралы өз ойы мен әсерін бөлісуі қажет.
Қорытынды кезеңде барлық 15 шығарма бойынша онлайн-тестілеу өткізіледі. Ол қатысушының кітаптарды оқығанын растауға мүмкіндік береді.
Parasat бағытына тіркелу ашық және 2026 жылғы 30 қазанға дейін жалғасады.