«Кітап оқитын ұлт»: елорда оқушыларымен кітап арқылы ұрпақтар сабақтастығын сақтау мәселесі талқыланды

«Кітап оқитын ұлт»: елорда оқушыларымен кітап арқылы ұрпақтар сабақтастығын сақтау мәселесі талқыланды

 

Елордадағы №119 мектепте Астана қаласы бойынша «Кітап оқитын ұлт» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен «Ұлт рухы, ұрпақ үні: кітап және ұлттық құндылықтар» тақырыбында тағылымды кездесу өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараға Астана қаласы бойынша «Кітап оқитын ұлт» өңірлік жобалық кеңсесінің жетекшісі Жақсыбай Боранбаев және белгілі жазушы, зерттеуші Ораз Кауғабай қатысты.

Кездесудің негізгі тақырыбы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, академик Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өмірі мен қызметіне арналды.

Ораз Кауғабай оқушыларға өз зерттеулерінің нәтижелері туралы айтып, Дінмұхамед Қонаевтың өмір жолы, адамгершілік қасиеттері, білімге деген ұмтылысы және елге қызмет етуі жайында әңгімеледі. Сондай-ақ ол тарихи мұраны қазіргі ұрпақтың дүниетанымымен сабақтастыра отырып түсіндірді.

Жақсыбай Боранбаев жастардың рухани қалыптасуындағы оқу мәдениетінің маңызына тоқталып, кітаптың адам мен халықтың тарихи жадын сақтаудағы ерекше рөлін атап өтті.

Кездесу дәстүрлі дәріс форматымен шектелмей, пікір алмасу мен ой-толғауға арналған ашық диалог алаңына айналды. Қатысушылар оқушылармен бірге «Ұлттық құндылықтарды сақтауда кітаптың рөлі қандай?» деген негізгі сауалды талқылады. Оқушылар отбасы, мектеп және кітаптың тарихи әрі рухани тамырынан ажырамайтын ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі туралы өз ойларын ортаға салды.

Кездесудің негізгі түйіні — кітап тек білім көзі ғана емес, халықтың тарихи жадын сақтап, өткен мен бүгінді жалғайтын рухани көпір екені айтылды.

Дінмұхамед Қонаевтың өмір жолы арқылы оқушылар тарихты құрғақ даталар мен деректер жиынтығы ретінде емес, оның ар жағында адам тағдыры, еңбек, жауапкершілік және ел тағдыры тұрған жанды шежіре ретінде түсіне алды.