
Әлеуметтік желілерде жерасты өткелдерінде қабырғаларға түрлі жазулар мен әдепсіз сипаттағы бейнелер қалдырылғаны туралы материалдар жиі кездеседі. Осыған байланысты елорданың Байқоңыр ауданы аумағында тиісті жұмыстар жүргізіліп, аталған әрекеттерге жол берген жасөспірімдер анықталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Аудандық полиция қызметкерлері жасөспірімдерді анықтап, полиция бөлімшесіне жеткізді. Аталған фактілер бойынша жасөспірімдердің ата-аналарына Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 435-бабы («Ұсақ бұзақылық») бойынша әкімшілік шара қолданылды.
«Байқоңыр ауданында жерасты өткелдерінде күнделікті санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіледі. Өткелдердегі қабырғалар да тұрақты түрде тазартылып, олардың тиісті санитарлық жағдайы қамтамасыз етіледі. Алайда рұқсатсыз жазулар мен бейнелердің қайта салынуы атқарылған жұмыстарға кері әсер етеді», - деп хабарлады аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Байқоңыр ауданы әкімдігі тұрғындарды қоғамдық орындарға ұқыпты қарауға, тазалықты сақтауға және ортақ мүлікке құрметпен қарауға шақырады.