
Елордада Қазақстан халқы тілдер фестивалі аясында «Ұлттық әдебиет және тіл» форумы өтті. Форумды Астана қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» КММ ұйымдастырды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – ұлттық әдебиетті дәріптеу, мемлекеттік тілдің қоғамдағы қолданыс аясын кеңейту, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, қаламгерлердің шығармашылық еңбегін қолдау және қазіргі тілдік үдерістерге қатысты өзекті мәселелерді талқылау.
Форумға Астана қаласының қаламгерлері, ақын-жазушылары, әдебиеттанушылар, зиялы қауым өкілдері және шығармашылық жастар қатысты.
Жиын «Оқитын ұлт және қазіргі әдебиет» тақырыбына арналды. Отырыста кітап оқу мәдениетін дамыту, оқырман санын арттыру, қазіргі әдебиеттің даму үрдістері, ұлттық әдебиеттің қоғамдағы орны және жас ұрпақтың рухани-мәдени қалыптасуындағы әдебиеттің рөлі талқыланды. Сондай-ақ қазіргі қаламгерлердің шығармашылық ізденістері мен әдеби үдерістің жаңа бағыттары сөз болды.
«Цифрлық кеңістіктегі тіл тазалығы: әлеуметтік желідегі мәдениет, тәртіп және әдеп» тақырыбында өтті. Жиын барысында әлеуметтік желілердегі тіл қолданысы, сауатты жазу мәдениеті, мемлекеттік тілдің цифрлық кеңістіктегі қолданысы, тіл тазалығын сақтау және интернеттегі қарым-қатынас әдебі мәселелері қарастырылды.
«Адам неғұрлым көп оқыса, соғұрлым пайдалы. Жалпы ел ішінде биік деңгейдегі оқырмандар бар. Міне, солардың рухани кеңістігін қанағаттандыру керек. Біздің буын шетел әдебиетін оқығаннан кейін барып, әдебиет әлемін түсінді. Жазушы өзінің кім екенін, қай ұлтқа жататынын гөрі, жалпыадамзаттық құндылықтарға қызмет етуі керек. Қазір жастар арасында тілді шұбарлайды. Негізгі тілді ұмытпау керек. Сондай-ақ әдебиет деген адам тағдыры мен өмірі. Мәселен «қаланы жаз» деп тапсырма беру әбестік. Шығарма тапсырмамен орындалмайды. Әдебиет өкілдері бір-бірімен бас қосылып, тілдесіп, шығармашылық ой өрбіту керек. Сонда ғажайып дүниелер дүниеге келуі ықтимал», – деді халық жазушы Төлен Әбдік.