VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жүлде алған елордалық спортшыларына Президенттің алғыс хаты табысталды

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жүлде алған елордалық спортшыларына Президенттің алғыс хаты табысталды

Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірхан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жүлдегерлері, елордалық спортшылар Гүлнәр Базаралиева және Құндыз Есіркеппен кездесті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Кездесу барысында спортшыларды жетістіктерімен құттықтап, ұлттық спортты дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаттарын табыстады.

«Сіздер ұлттық спорт түрлерінен өтетін ең ірі халықаралық жарыстардың бірінде Қазақстанның намысын абыроймен қорғадыңыздар. Сіздердің жетістіктеріңіз – үлкен еңбектің, шеберлік пен алға ұмтылыстың нәтижесі. Халықаралық аренада Астана мен еліміздің намысын абыроймен қорғағандарыңыз үшін алғыс айтамын. Сіздерге зор денсаулық, жаңа жетістіктер мен жарқын жеңістер тілеймін», – деді Ерік Мейірхан.

Еске салайық, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Гүлнәр Базаралиева мен Құндыз Есіркеп Қазақстанның мангалдан әйелдер құрамасы сапында өнер көрсетті. Командалық жарыста ұлттық құрама 30 елдің өкілдері арасында күміс медаль жеңіп алды.

Жеке есепте де екі елордалық спортшы жүлдегерлер қатарынан көрінді. Гүлнәр Базаралиева мен Құндыз Есіркеп қола медальға ие болды. Әйелдер арасындағы жарысқа барлығы 50 спортшы қатысты.

Жалпы, Астана өкілдері VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасының сәтті өнер көрсетуіне елеулі үлес қосты. Елордалық спортшылар тоғызқұмалақтан (мангал), дәстүрлі садақ атудан және жамбы ату бойынша командалық жарыстардан 1 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды.

Жарыста үздік нәтиже көрсеткен спортшылардың бірі – Биғали Зікірияев. Ол Қазақстанның ерлер арасындағы мангал құрамасы сапында командалық жарыста алтын медаль жеңіп алса, жеке есепте 59 қатысушының арасында күміс жүлдегер атанды.

Осыған дейін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелерін қабылдап, спортшылар мен жаттықтырушылардың жетістіктерін атап өткен болатын. Марапатталғандар қатарында елордалық спортшылар да болды. Тоғызқұмалақтан спортшы Биғали Зікірияев пен Қазақстанның дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Диас Ахметов «Құрмет» орденімен марапатталды.

Гүлнәр Базаралиева мен Құндыз Есіркепке Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаттарының табысталуы елордалық спортшылардың жетістіктері мен ұлттық спортты дамытуға қосқан үлесінің жоғары бағаланғанын көрсетті.
Кездесу соңында спортшыларға алдағы уақытта да толағай табыс, жаңа спорттық жетістіктер мен республикалық және халықаралық жарыстарда жеңістер тіледі.