
Астананың Орталық саябағында экологиялық акция мен Street Workout тегін жаттығуларының үш айлық маусымының жабылуына орай спорт фестивалі өтті. Іс-шара «Таза Қазақстан» республикалық акциясы мен Дүниежүзілік тазалық күні – World Cleanup Day аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараға танымал қазақстандық спортшылар, жаттықтырушылар және Street Workout жобасының қатысушылары қатысты. Олардың қатарында бокстан Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов, Олимпиаданың қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев, ММА-дан әлем чемпионы Василий Тахтай және спорт қауымдастығының басқа да өкілдері бар.
Фестивальге қатысушылар Орталық саябақ аумағына ағаш отырғызып, елорданы көгалдандыру мен абаттандыруға өз үлестерін қосты.
Астана әкімдігінің спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербайдың айтуынша, танымал спортшылардың экологиялық бастамаларға қатысуы қоршаған ортаға ұқыпты қарауды насихаттауға ықпал етеді.
«Бүгін елордалық спортшылар бір мақсатпен – елорданы абаттандыруға және табиғатты қорғауға өз үлестерін қосу үшін жиналды. Іс-шара белсенді әрі қызықты өтіп жатыр, әр қатысушы ортақ іске өз үлесін қосуға тырысып жатыр», – деді Ержігіт Өсербай.
Қатысушылар өскелең ұрпаққа жеке үлгі көрсетудің маңыздылығына да ерекше назар аударды. ММА-дан әлем чемпионы Василий Тахтай іс-шараға ұлдарымен бірге келді.
«Ұлдарымызға Отанды қалай сүю керектігін дұрыс үлгі арқылы көрсету үшін бірге келдік. Дәл осы «Таза Қазақстан» акциясы арқылы өзімізді танытып, Отанымызға, елімізге деген сүйіспеншілігімізді көрсете аламыз», – деді спортшы.
Экологиялық іс-шарадан кейін Street Workout тегін жаттығуларының үш айлық маусымының жабылуы өтті.
Маусым бойы елорда тұрғындары жаттықтырушылардың жетекшілігімен ашық аспан астында спортпен тегін шұғылдана алды. Барлығы 8 мыңға жуық адам жаттығуларға қатысты.
Маусымның жабылуы аясында көше спортындағы күш жаттығулары бойынша турнир өтті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен, сертификаттармен және сыйлықтармен марапатталды.
#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan