
Елорданың спортшылары, жаттықтырушылары, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының қызметкерлері және оған қарасты ұйымдар «Таза Қазақстан» республикалық бастамасы аясында Дүниежүзілік тазалық күні – World Cleanup Day-ге орайластырылған жалпы қалалық экологиялық акцияға қатысты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Елорда спорт саласының 100-ге жуық өкілі Ғашықтар саябағы мен «Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық орталығы маңындағы аумақты тазалауға шықты.
Іс-шараға Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, бокстан Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Василий Левит қатысты. Кейбір қызметкерлер экологиялық акцияға балаларымен бірге келіп, отбасымен бірге қатысты.
Қатысушылар аумақты қоқыс пен қурайдан тазалап, жапырақтарды жинап, іргелес аумақтарды ретке келтірді.
«Бүгін ұжымымыз спортшылар мен жаттықтырушылармен бірге дәстүрлі түрде жалпы қалалық экологиялық акцияға қолдау көрсетті.
Ғашықтар саябағы мен «Хан Шатыр» маңындағы аумақты тазалауға жүзге жуық адам шықты. Мұндай бастамаларды елорданың спортшылары әрдайым қолдайды. Өз қаласына және қоршаған ортаға құрметпен қарау мәдениетінің ерте жастан қалыптасуы маңызды.
Тазалық ең алдымен әрқайсымыздан басталады», – деді Василий Левит.
Сонымен қатар экологиялық іс-шаралар бейінді басқармаға қарасты спорт нысандары мен ұйымдардың аумағында да өтті. Қызметкерлер, жаттықтырушылар мен спортшылар іргелес аумақтарды санитарлық тазалап, абаттандыру жұмысын жүргізді.
Атап айтқанда, спорт мектептерінің ұжымдары өз нысандарының аумағын ретке келтірді. №4 спорт мектебінің өкілдері академиялық есу және ескек есудің басқа да түрлері бойынша жаттығулар өтетін есу арнасы маңындағы аумақты тазалады. Акцияға «Арғымақ» ат спорты және ұлттық спорт түрлері клубының, Пригородный тұрғын алабындағы «Аспан» спорт кешені аумағында орналасқан Олимпиадалық резерв даярлау орталығының, елорданың дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің, сондай-ақ хоккейге маманданған №10 спорт мектебінің ұжымдары да қатысты.
Басқармаға қарасты ұйымдарда жұмыстар іргелес аумақтарда да, спорт нысандарының ішінде де жүргізілді: қатысушылар қоқыс пен қураған өсімдіктерді жинап, аулалар мен ғимараттарды ретке келтірді, сондай-ақ қажетті шаруашылық жұмысын атқарды.
Осылайша, экологиялық акция елорданың әртүрлі аудандарындағы спорт нысандарын қамтып, спортшыларды, жаттықтырушыларды және спорт ұйымдарының қызметкерлерін біріктірді.
#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan