
Астанада «Таза Қазақстан» бастамасы аясында қаладағы №1 Индустриялық парк аумағында экологиялық акция өтті. Іс-шараға 700-ден астам адам атсалысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараға Astana Invest city инвестициялық даму орталығының қызметкерлері және елордадағы түрлі өндірістік кәсіпорындарының өкілдері қатысты.
«Таза Қазақстан» науқаны аясында біз бүгін №1 Индустриялық паркте кең көлемді ағаш отырғызу іс-шарасын, сондай-ақ айналадағы аумақтар мен ортақ пайдаланылатын жерлерді санитарлық тазалауды өткізіп жатырмыз.
Біз осы аптада шамамен 800-ге жуық ағаш отырғыздық. Сондай-ақ, бүгінгі Astana Invest компаниясының ұжымы, шамамен 100 адам ағаш отырғызу шарасына атсалысуда. Сондай-ақ, барлық парк аумағында орналасқан инвесторлар өзіне қарасты аумаққа іргелес алаңдарды санитарлық тазалау жұмысын жүргізуде. Жалпы экологиялық акцияға 700-ден астам адам жұмылдырылған», - деп атап өтті Astana Invest басқарма төрағасының орынбасары Сәбит Мұхамеджанұлы.
«Астана-Зеленстрой» ЖШС агрономдары кеңесі бойынша мұнда ағаштың екі түрін отырғызу қолға алынған.
«Ағаш түрінен қарағаш пен терек таңдап алынған. Өйткені олар бұл өңірдің климатына төзімдірек және жақсы өседі, өйткені бұл аумақ бұрын батпақты болған. Басқа ағаштардың мұнда тіршілік етуі өте қиын.
Көшеттер тәлімбақтан жеткізілген. Олардың биіктігі 3 метрден кем емес. Бұл акция жыл сайын жалғасады», - деді Сәбит Мұхамеджанұлы.
Оның айтуынша, Бүкіләлемдік тазалық күні (World Cleanup Day) қарсаңында парк аумағындағы барлық инвесторға үндеу жарияланған.
«Таза Қазақстан» бастамасы тұрғындарды қаланы таза, көрікті әрі жайлы етуге бағытталған ортақ мақсат төңірегіне біріктіреді. Мұндай бастамалар қалалық ортаны жақсартумен қатар, бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.
#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan