
Астанада «САЯХАТ 2026» Kazakhstan Travel Forum халықаралық туристік форумы өтіп жатыр. «Тәуекелсіз туризм» тақырыбына арналған үш күндік шарада мемлекеттік органдар, туристік бизнес, әуе компаниялары мен қонақүй саласының өкілдері туризмді қауіпсіз дамыту, саяхатшылардың құқықтарын қорғау және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқыға салды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың, туристік бизнес өкілдерінің, әуе компаниялары мен қонақүй саласының мамандары, сондай-ақ халықаралық серіктестер қатысып, туризмді қауіпсіз дамыту мәселелерін талқылауда. 17 қыркүйекте форум қатысушылары үшін елорданың туристік инфрақұрылымымен танысу бағдарламасы ұйымдастырылды. Оның аясында Астана бойынша шолу экскурсиясы және қонақүй нысандарына инфотур өткізілді. Форумның негізгі іскерлік күні EXPO халықаралық көрме орталығында өтті.
Бағдарламада панельдік пікірталастар мен сараптамалық сессиялар, B2B кездесулері, туристік өнімдердің таныстырылымдары, халықаралық көрме экспозициясы және келісімдерге қол қою рәсімі қарастырылған. Форум аясындағы көрмеге Қазақстанның ірі туроператорлары, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және еліміздің туристік агенттіктері, әуекомпаниялары, ұлттық туристік ведомстволар өкілдері, халықаралық отельерлер, қауымдастықтар, DMC-агенттіктер қатысуда.
Іс-шара төрт маңызды панельдік сессиядан тұрып, соның барысында туризм саласының сарапшылары қызмет көрсету саласында өзара кепілдік беру үшін жағдай жасау, туризм саласындағы шекара маңы ынтымақтастығын дамыту, туроператорлар мен турагенттіктердің тиімді өзара іс-қимылы, ұйымдастырылған туризм: жауапты туризм құру арқылы сенім тренді, туризмдегі жосықсыз қызметтің алдын алу және жолын кесу, әсер урбанистикасы және оқиғалар туризмі деген тақырыптар аясында пікір алмасты. Форум барысында бірнеше келісімдер мен меморандумдарға қол қойылып, жаңа өнімдердің, халықаралық туристік бағыттардың таныстырылымы өтті.
Сонымен қатар «Үздік туристік ауыл – 2026» байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Көрмеге елордадан қатысушы Astana RedBus Tour PR маманы Қымбат Маратованың айтуынша, Бурабай мен Астанаға экскурсиялық тур ұйымдастыратын компания қызметі елордада 2024 жылдан бергі 2 жылда 2 миллионнан астам туристке көрсетілген.
«Біз бүкіл маусымда жұмыс істейміз. Бірақ әрине жаздың үш айы – туристер ең көп болатын уақыт. Қыс пен көктемде де еліміздің түрлі өңірлерінен туристер келіп жатады. Астанада туристерді ең қызықтыратын көрнекі орындар – Ұлттық музей, «Бәйтерек» монументі және қаланың ескі бөлігі, яғни оң жағалауды да, соның ішінде Республика даңғылы бойын аралағысы келетіндер көп. Жылына орташа есеппен 100 мыңнан аса туристерге экскурсия ұйымдастырамыз.
Биыл біз «Түнгі Астана» деген жаңа жобаны бастадық, ол кешкі 20.00-де басталады, келушілер өте көп, себебі елордалықтар бұл уақытта жұмыстан кейін демалуға уақыт табады.
Аудиогид кәсіби білікті, 8 тілде ақпарат таратады. Оны кейбір нысандардың жабылуына байланысты жаңарттық. Жалпы автобуспен таңертең сағат 11.00-ден кешкі 20.00-ге дейін 5 экскурсия өткіземіз.
Билеттер бағасы ересектер үшін – 6000 теңге, зейнеткерлер, көпбалалылар, балалар, 2-3 топтағы мүгедектер үшін билет бағасы – 3000 теңге. Ал журналистер мен жасы 75-тен жоғары адамдарға, 1-топтағы мүгедектер мен оларды ертіп жүретіндерге автобуста жүру тегін», – дейді ол.
Былтыр Астанаға келген туристер саны 2024 жылмен салыстырғанда 7%-ға артып, 1 604 825 адамды құрады. Оның ішінде 380 301 адам – шетелдік турист, ал 1 224 524 адам – ішкі турист. Елордаға ең көп турист келген бес елдің қатарына Ресей, Қытай, Түркия, Германия және АҚШ енді. Бүгінде Астанада 18 мыңнан астам адамды бір мезетте қабылдай алатын 317 қонақ үй мен орналастыру нысаны жұмыс істейді.
«Біз Астана бойынша туризмді дамыту ісімен айналысамыз, сол бағытта жұмыс істейтін бірнеше департаменттеріміз бар. Елордадағы барлық туристік нысандар туралы ақпарат алуға болатын әлеуметтік желілердегі парақшаларымыз ашық. Ақпараттандыру бойынша әуежай мен «Бәйтерек» монументі түбінде 2 дүңгіршегіміз ашылған.
Ұшақтан түскен бойда туристер соған келіп, қаланың көрнекі орындары мен қонақүйлері, оған баратын қоғамдық көліктер және басқа да ақпараттарды алу үшін қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде жазылған арнайы буклеттер және туристік карталарды тегін алады.
Жылдың басынан бері осындай 10 мыңнан астам туристке қызмет көрсетілген болса, соның 70 пайыздан астамы – шетелдік қонақтар. Оның ішінде Астанаға Ресей, Германия, Қытайдан келетін туристер саны көп. Жалпы жылына 20 мың туристке қызмет көрсетеміз.
Шетелдіктерді көбіне үлкен Орталық мешіт, «Бәйтерек» монументі, ұлттық музей, «Нұрлы жол» вокзалындағы музейге бару қызықтырады», – дейді «Astana Tourizm» ЖШС өкілі Рауан Ахметов.
19 қыркүйекте форум Астананың Орталық саябағында «Туризм – әркімнің ісі» тұжырымдамасы аясындағы қалалық мерекемен жалғасады. Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін жүгіру жарысы, гастрономиялық фестиваль, спорттық және отбасылық іс-шаралар, сондай-ақ мәдени бағдарлама ұйымдастырылады.