
Астана қаласының Әділет департаменті жеке сот орындаушыларының (ЖСО) қызметіне, олардың заңнама талаптарын сақтауына және атқарушылық құжаттардың уақытылы орындалуына тұрақты түрде бақылау жүргізеді. Бақылау жоспарлы және жоспардан тыс тәртіпте, оның ішінде азаматтар мен ұйымдардың өтініштері негізінде жүзеге асырылады. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласының Әділет департаменті басшысының орынбасары Мөлдір Есенқұлова мен Астана қаласы Әділет департаментінің Сот орындаушыларының қызметін реттеу және бақылау бөлімінің басшысы Айдана Бекберді жан-жақты мәлімет берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жыл басынан бері департамент жеке сот орындаушыларына қатысты 166 жоспарлы және 124 жоспардан тыс бақылау іс-шарасын өткізді.
«Бақылаудың мақсаты тек заң бұзушылықтарды анықтау емес, ең алдымен оларды жою, атқарушылық іс жүргізуге қатысушылардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру және сот актілерінің орындалу тиімділігін арттыру», – деп атап өтті Астана қаласы Әділет департаментінің сот орындаушыларының қызметін реттеу және бақылау бөлімінің басшысы Айдана Бекберді.
Бақылау барысында атқарушылық әрекеттердің заңдылығы, оларды орындау мерзімдерінің және атқарушылық іс жүргізуді жүргізу тәртібінің сақталуы, атқарушылық құжаттарды орындау бойынша қабылданған шаралардың толықтығы, сондай-ақ борышкердің мүлкі мен кірістері туралы мәліметтер қаралады.
Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда департамент өз құзыреті шегінде заңнамада көзделген шараларды қабылдайды. Заң бұзушылықтың сипатына қарай материалдар тиісті органдарға жолданады немесе тиісті ұсынымдар енгізіледі.
Жыл басынан бері төрт жеке сот орындаушысы қызметті жүзеге асыру лицензиясынан айырылды.
Бақылау жұмысы барысында алимент өндіруге қатысты атқарушылық іс жүргізулерге ерекше назар аударылады.
«Мұндай істер балалардың құқықтарына тікелей қатысты. Сондықтан сот орындаушылары заңда көзделген мәжбүрлеп орындату шараларын уақтылы әрі толық қабылдауы қажет», – деп атап өтті Айдана Бекбердіқызы.
Тексеру барысында атқарушылық іс жүргізу материалдары, қаулылар және өзге де құжаттар зерделенеді. Атқарушылық әрекеттерді орындау мерзімдері, борышкердің мүлкі мен кірістері туралы мәліметтер, ақша қаражаты мен мүлкінен өндіріп алу, шектеулер белгілеу және заңда көзделген өзге де мәжбүрлеп орындату шараларын қолдану бойынша қабылданған шаралар талданады.
Бақылау іс-шараларымен қатар, департамент атқарушылық құжаттардың орындалу тиімділігін арттыру бойынша Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасымен, мемлекеттік органдармен және басқа да ұйымдармен бірлесіп жұмыс жүргізеді.
Атап айтқанда, алимент бойынша берешегі бар борышкерлермен жұмыс жүргізіледі. Оларды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу мақсатында бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Ресми табыстың болуы алименттік міндеттемелердің тұрақты орындалуын қамтамасыз ететін факторлардың бірі болып саналады.
«Азаматтарға атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу де маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Атқарушылық іс жүргізуге қатысушылар өз құқықтарын, сот орындаушысының әрекеттеріне шағымдану тәртібін және атқарушылық іс жүргізудің барысы туралы ақпарат алу жолдарын білуі қажет», деп атап өтті Айдана Бекбердіқызы.
Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылауды департамент заңнамада белгіленген өкілеттіктері шегінде жүзеге асырады. Соттың, қылмыстық қудалау органдарының және басқа да мемлекеттік органдардың құзыретіне жататын мәселелер тиісті органдар тарапынан заңда белгіленген тәртіппен қаралады.
Осылайша, ЖСО қызметіне бақылау жүргізу заңдылықты қамтамасыз етуге, анықталған заң бұзушылықтарды жоюға, атқарушылық іс жүргізуге қатысушылардың құқықтарын қорғауға және сот актілерінің орындалу тиімділігін арттыруға бағытталған.