Астанада шомылу маусымы қалай өтті

Астанада шомылу маусымы қалай өтті

Астанада 2026 жылғы шомылу маусымы 1 маусымнан 31 тамызға дейін жалғасты. Осы кезеңде қалалық Төтенше жағдайлар департаменті мүдделі мемлекеттік органдармен, 52859 әскери бөлімінің әскери қызметшілерімен және волонтерлік ұйымдармен бірлесіп, су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кешенді жұмыстар жүргізді. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасы бастығының міндетін атқарушы Айбек Тапаш мәлімдеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Оның айтуынша, Астана аумағында тұрғындардың су айдындарында жаппай демалуына арналған 5 ресми орын белгіленген.

«Шомылу маусымы кезеңінде су айдындарын күн сайын патрульдеу ұйымдастырылды. Сағат 08:00-ден 21:00-ге дейін жаяу патрульдер, сондай-ақ квадроциклдер мен жүзу құралдары арқылы кезекшілік жүргізілді. Түнгі уақытта Есіл өзені бойындағы патрульдеу жүзу құралдарының көмегімен жалғасты.

Күн сайын су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 80 адам, оның ішінде 52859 әскери бөлімінің 10 әскери қызметшісі жұмылдырылды. Патрульдеу, мониторинг жүргізу және жедел әрекет ету үшін 7 жүзу құралы, 3 техника бірлігі, 2 квадроцикл және 3 ұшқышсыз ұшу аппараты пайдаланылды. Сонымен қатар, адамдар көп жиналатын су айдындарының учаскелері 128 бейнебақылау камерасы арқылы бақыланды.

Қала су айдындарында жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында 362 тыйым салу белгісі және 13 ақпараттық стенд орнатылды», – деді спикер.

Шомылу маусымы бойы тұрғындар арасында профилактикалық, рейдтік және патрульдік іс-шаралар өткізілді. Негізгі назар тыйым салынған жерлерде шомылуға, алкогольдік мас күйде суға түсуге және қауіпсіздік талаптарын бұзуға жол бермеуге бағытталды.

Сонымен қатар ата-аналар мен заңды өкілдердің жауапкершілігіне ерекше назар аударылады. Балаларды су айдындарының маңында, әсіресе шомылуға арналмаған орындарда қараусыз қалдыруға болмайды.

«Коммуналдық жағажайда Төтенше жағдайлар департаменті модульдік құтқару бекетін орнатып, құтқарушылардың тұрақты кезекшілігін ұйымдастырды. Бұл жағажайдағы жағдайды үздіксіз бақылауға және оқиғаларға жедел ден қоюға мүмкіндік берді.

Жалпы, шомылу маусымы кезеңінде негізгі күш су айдындарын тұрақты патрульдеуге, профилактикалық жұмыстар жүргізуге, бейнебақылау камералары мен ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы мониторинг жасауға, сондай-ақ оқиғаларға жедел ден қоюға бағытталды.

Тұрғындарға қойылатын негізгі талаптар: тек рұқсат етілген және жабдықталған орындарда шомылу, алкогольдік мас күйде суға түспеу және балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмау», – деп қорытындылады басқарма өкілі.