
«Astana Polytechnic College»-де «Кітап оқитын ұлт» жобалық кеңсесінің жұмыс тобы 1-2 курс студенттерімен кездесу өткізді. Іс-шараға 120-ға жуық студент қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шара барысында студенттер заманауи жастардың кітап оқуға деген қызығушылығы, сүйікті шығармалары мен авторлары, сондай-ақ кітап оқудың дүниетанымды кеңейту, сыни және талдамалық ойлау қабілетін дамытудағы рөлі туралы пікір алмасты.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, студенттер өз ойларын ортаға салып, сұрақтар қойып, тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар электронды кітаптар, аудиокітаптар және цифрлық ресурстарды пайдалану сияқты кітап оқудың заманауи мүмкіндіктері талқыланды.
Жобалық кеңестің жұмыс тобы жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруда осындай еркін пікір алмасу алаңдарының маңызы зор екенін атап өтті. Кітап оқу – тек білім алудың ғана емес, адамның ой-өрісін кеңейтіп, өзін-өзі дамытудың тиімді құралы.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясындағы жұмыс елорданың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жалғасын табады. Алдағы уақытта студенттермен тақырыптық кездесулер, пікірталастар және кітап оқуды насихаттауға бағытталған басқа да іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр.
#KitapOqitynAstana