Астанадан 70-тен астам спортшы Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындарына қатысады

Астанадан 70-тен астам спортшы Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындарына қатысады

Астана спортшылары 2026 жылы әлемдік және құрлықтық деңгейдегі ірі халықаралық жарыстарда Қазақстанның ұлттық құрамалары сапында өнер көрсетіп жатыр. Биыл елорданың 77 спортшысы ХХ жазғы Азия ойындарына қатысады. Бұл туралы қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов мәлімдеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Aichi-Nagoya 2026 ХХ жазғы Азия ойындары Жапонияда 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді. Жарыс бағдарламасына спорттың 43 түрі енгізіліп, 460 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Астанадан 30 спорт түрінен 77 спортшы бақ сынайды.
Салыстырмалы түрде алсақ, 2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен жазғы Азия ойындарына елорданың атынан спорттың 18 түрінен 46 спортшы қатысқан.

«Биыл қатысушылар саны 31 спортшыға немесе 67 пайыздан астамға артты. Астана өкілдері қатысатын спорт түрлерінің саны да 18-ден 30-ға өсті.

Елордалық спортшылар баскетбол, 3×3 баскетбол, гандбол, бокс, күрес, таеквондо, джиу-джитсу, көркем және спорттық гимнастика, су спорттары, академиялық есу, байдарка мен каноэде есу, триатлон, теннис, үстел теннисі, ат спорты, семсерлесу, ату, жеңіл атлетика, велоспорт, скейтбординг, спорттық құзға өрмелеу, брейкинг, киберспорт және падель бойынша өнер көрсетеді», – деп атап өтті Азамат Ағзамов.

Қыркүйек айында Қырғыз Республикасында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аяқталды.

Жарысқа 113 елден шамамен 3 мың спортшы қатысты. 152 спортшыдан құралған Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды.

Астананың атынан спорттың жеті түрінен 13 спортшы қатысты. Олар дәстүрлі садақ атудан, мангаладан, мас-рестлингтен, жілік сындырудан, горештен, жорго салыштан және тайгандар жарысынан бақ сынады.

Елордалық спортшылар жекелей және командалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, Қазақстан құрамасының жеңісіне өз үлесін қосты.

Азия ойындарынан кейін халықаралық спорт күнтізбесі Паразиада ойындарымен жалғасады. Бұл жарысқа да Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Астана спортшылары қатысады.

«Сонымен қатар IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасы 31 қазан мен 14 қараша аралығында Сенегалдың Дакар қаласында өтеді. Жарысқа 14-17 жас аралығындағы шамамен 2 700 спортшы қатысады деп жоспарланып отыр.

Спортшылар 25 спорт түрінен бақ сынайды.
Қазір спортшыларды іріктеу жалғасып жатыр. Астаналық триатлоншы Рамазан Айнегов жасөспірімдер Олимпиадасына қатысу лицензиясын жеңіп алды. Ол жекелей спринт бойынша өнер көрсетеді.

Елордалық спортшылардың халықаралық жарыстардағы өкілдігінің кеңеюі Астанада спорттың түрлі бағыттарының дамып келе жатқанын және жоғары жетістіктер спортына арналған резервті жүйелі даярлау жұмысының жолға қойылғанын көрсетеді», – деп қорытындылады спикер.