Астанада жасөспірім аялдама павильонының терезесін сындырғаны үшін жауапқа тартылды

Астанада жасөспірім аялдама павильонының терезесін сындырғаны үшін жауапқа тартылды

Астанада Бөгенбай батыр даңғылындағы аялдама павильонының терезесі шағылғаны белгілі болды. Полиция қызметкерлері жүргізген тексеру барысында 17 жастағы жасөспірім анықталды. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты Полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

Белгілі болғандай, кешкі уақытта жасөспірім танысымен бірге аялдамада болған. Кетіп бара жатқан сәтінде аялдама павильонының терезесін аяғымен теуіп сындырған. Осыдан кейін жасөспірім досымен бірге маршруттық автобусқа отырып, оқиға орнынан кетіп қалған.

Осы дерек бойынша жасөспірім ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Іс материалдары сотқа жолданды.

Полиция аялдама павильондары мен қаланың басқа да инфрақұрылым нысандарын бүлдіру құқық бұзушылық болып саналатынын және заңда көзделген жауапкершілікке әкелетінін еске салды.

Мұндай әрекеттер назардан тыс қалмайды. Тексеру барысында құқық бұзушылардың кім екені, оның ішінде бейнебақылау камераларындағы жазбаларды пайдалану арқылы анықталады.

Полиция қала мүлкіне ұқыпты қарап, елорданы абаттандыру үшін жұмыс істеп жүрген адамдардың еңбегін құрметтеуге шақырды.