
Астанадағы №1 көпшілік кітапханада жасөспірімдерге құқықтық мәдениет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы түсінік қалыптастыруға бағытталған «Сыбайлас жемқорлыққа жастардың көзқарасы» атты профилактикалық әңгіме өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шара «Заң және тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылды. Оған кітапхананың 15-17 жас аралығындағы оқырмандары қатысты.
Қатысушыларға заң талаптарын сақтау, адалдық пен азаматтық жауапкершіліктің маңызы түсіндірілді. Жасөспірімдер алдында учаскелік полиция инспекторы сөз сөйлеп, құқық бұзушылықтың алдын алуда жастардың рөлі мен заң талаптарын сақтаудың маңызын түсіндірді.
Сондай-ақ жасөспірімдерге құқықтық әдебиеттер топтамасы ұсынылып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, заңдылық және жауапкершілік мәселелеріне арналған материалдарға шолу жасалды. Қатысушылар сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізетін кері әсерін және күнделікті өмірде адал болудың маңызын талқылады.
«Бүгінгі кітапханадағы сабақ маған өте ұнады, көп нәрсе білдім! Адалдық пен заң туралы айтылғаны қызықты болды. Менің ойымша, сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуына кедергі келтіретін үлкен мәселе. Біз, жастар, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуіміз керек. Әрдайым адалдық пен әділдікті ту етуіміз қажет», – деді іс-шараға қатысқан Айсұлтан.