
Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында Астанада қаланы жүйелі цифрлық трансформациялау жұмыстары жалғасуда. Жұмыс үш стратегиялық бағыт бойынша жүргізіліп жатыр: «Қауіпсіз қала», «Ашық қала» және «Ақылды қала». 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындылары туралы елордалық Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласының Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Берік Ахметов мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Ірі жобалардың бірі – Astana Smart City. Оның негізгі элементтері – қалалық инфрақұрылымның қажеттіліктері үшін құрылған Деректерді өңдеу орталығы мен Қалалық ахуалдық орталық. Олар қаланы басқарудың бірыңғай цифрлық жүйесін қалыптастырады.
Деректерді өңдеу орталығы қалалық инфрақұрылымның қажеттіліктеріне арнайы құрылып, қалалық деректерді, бейнеағындарды және жасанды интеллект негізіндегі талдау нәтижелерін орталықтандырылған түрде сақтау мен өңдеуді қамтамасыз етеді. Орталық сенімділік бойынша халықаралық TIER III стандартына және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы ұлттық талаптарға сәйкес келеді.
Осы инфрақұрылым базасында бейнебақылау, жедел, коммуналдық және басқа да қалалық қызметтерді біріктіретін Қалалық ахуалдық орталық жұмыс істейді.
«Бүгінде платформаға 60 мыңнан астам камера қосылып, AI-бейнеталдаудың 35 сценарийі енгізілді. Олар түтін мен өртті, адамдардың көп шоғырлануын, төбелес пен басқа да штаттан тыс жағдайларды анықтауға мүмкіндік береді. 1 200-ден астам аппараттық-бағдарламалық кешен жол қозғалысы ережелерін бұзудың 15 түрін автоматты түрде тіркейді.
Бірыңғай жүйеге 18-ден астам қалалық қызмет интеграцияланған. Оқиғалар туралы ақпаратты беру уақыты 10 минуттан нақты уақыт режиміне дейін қысқарды. Бірінші жартыжылдықта 2,5 мыңнан астам оқиға пысықталды», – деді спикер.
Қоғамдық кеңістіктердегі бейнебақылау жүйесін кеңейту жұмыстары да жалғасуда. 2022-2025 жылдары 860 нысанда 4 430 камера орнатылды. 2026 жылы тағы 240 нысанда 1 200 камера орнату көзделген, оның 1 142-сі қазірдің өзінде орнатылды.
Балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде. Жобаның екінші кезеңі аясында 2026 жылы 100 мемлекеттік мектепте шамамен 2 000 камера мен 100 SOS дабыл түймесі орнатылды. Жалпы бірыңғай жүйеге 10 мыңнан астам мектеп камерасы интеграцияланған.
Биыл кешенді қауіпсіздік жүйесі мемлекеттік балабақшаларда да енгізілуде. Бірінші кезеңде 1 700 камера, 100 дабыл түймесі және 100 бейнедомофон орнату, сондай-ақ қолданыстағы 4 мың камераны интеграциялау жоспарланған.
«Ашық қала» бағыты аясында тұрғындарға арналған цифрлық сервистерді дамыту жалғасуда. Бірінші жартыжылдықта iKomek 109 бірыңғай байланыс орталығы 1,1 млн-нан астам өтінішті өңдеді. Оның ішінде мәселелердің 83%-ы алғашқы қоңырау кезінде шешілді. Birge платформасында 20 мыңнан астам пайдаланушы тіркеліп, 30 мыңға жуық өтінім өңделді.
Жылдың маңызды нәтижелерінің бірі – елорданың бірыңғай цифрлық порталы Astana.kz-тің іске қосылуы. Бүгінде платформада 14 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген, 115-тен астам қалалық және коммуналдық қызмет қолжетімді. Берілген өтініштердің саны 15 мыңнан асты.
QalaQyzmet-ті Astana.kz платформасына біріктіру коммуналдық сервистерді бір платформаға шоғырландыруға мүмкіндік берді. Бірінші жартыжылдықта осы бағыт бойынша онлайн және фронт-офистер арқылы 103 мыңнан астам өтінім өңделді. Astana.kz функционалы одан әрі кеңейтіліп келеді. Платформада AI-ассистент, Super App, «Инватакси» және «Менің кітапханам» сервистері дамытылуда.
Цифрлық шешімдер денсаулық сақтау саласына да енгізілуде. Елорданың үш инсульт орталығында Cerebra AI жүйесі жұмыс істейді. Ол компьютерлік томография кескіндері бойынша инсультті диагностикалауға көмектесіп, диагноз қою уақытын 5 минутқа дейін қысқартады. Бірінші жартыжылдықта 5,7 мыңнан астам зерттеу өңделді.
Әскери қызметке шақырылушыларды медициналық куәландыру процесі толық цифрландырылды. Бірінші жартыжылдықта жүйе арқылы 7,4 мыңнан астам адам өтті. Денсаулық сақтау саласының ахуалдық орталығы 29 медициналық ұйымның деректерін 220-дан астам индикатор бойынша біріктіреді.
Телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да жалғасуда.
Елордада 5G стандартының 423 базалық станциясы жұмыс істейді. Жыл соңына дейін тағы 74 станция орнату жоспарланған. Байланыс сапасы жеткіліксіз деп анықталған 22 аймақтың 12-сінде мәселе шешілді.
«Ақылды қала» бағыты аясында AI Lab – AI кеңесін, R&D-контурын және акселерациялық бағдарламаларды біріктіретін қалалық инновациялық экожүйе дамып келеді. Қазіргі таңда R&D-контурында 11-ге жуық стартап пен технологиялық жоба сүйемелденуде.
2026 жылы Astana Innovations Accelerator бағдарламасының үшінші легі іске қосылды. Бағдарламаға 300-ден астам өтінім түсіп, іріктеу қорытындысы бойынша 29 стартап қабылданды.
Әлеуметтік маңызы бар жобалардың бірі – «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жүзеге асырылып жатқан Úmit пилоттық жобасы. Интеллектуалды капа қимыл-қозғалысы шектеулі адамдарға қолдың көмегінсіз смартфонды, компьютерді, электрлі мүгедектер арбасын және басқа да құрылғыларды басқаруға мүмкіндік береді.
«Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша елорданың цифрлық трансформациясы жекелеген шешімдерден оларды қаланы басқару жүйесінде кешенді қолдану кезеңіне өтіп отыр. Біздің міндетіміз – технологиялар тұрғындарға нақты нәтиже беріп, қауіпсіздікті арттыруы, қызметтерді алуды жеңілдетуі және қалалық процестердің тиімділігін күшейтуі», – деп қорытындылады Берік Ахметов.