
Астана медицина университетінде бакалавриатта, резидентурада және магистратурада оқитын 320 топ жетекшісіне арналған көшбасшылық интенсив басталды. Студенттік көшбасшылар желісі арқылы жоба 11 мыңнан астам білім алушыны қамтиды деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Кездесуге Астана қаласындағы «Кітап оқитын ұлт» ұлттық жобасының өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы Жақсыбай Боранбаев қатысты.
Ұйымдастырушылар дәстүрлі дәріс форматынан бас тартып, интерактивті сауалнамалар мен қатысушыларды белсенді тартуға арналған цифрлық сервистерді пайдаланды.
Олардың тиімділігі дәлелді нейробиология зерттеулерімен расталған.
Интенсивтің алғашқы кезеңдерінің бірі «Күйзелістің клиникалық анатомиясы» атты интерактивті сауалнама болды. QR-технологиялардың көмегімен 320 қатысушы өздерінің стресс деңгейін, ұйқы сапасын және кітап оқу жиілігін нақты уақыт режимінде бағалады.
Сауалнама нәтижелері болашақ дәрігерлердің кәсіби даярлығындағы кітап оқудың рөлін талқылауға негіз болды. Қатысушылар әдебиеттің эмпатияны дамытуға, гуманитарлық ой-өрісті кеңейтуге, клиникалық ойлау қабілетін қалыптастыруға және кәсіби күйзелістің алдын алуға қалай ықпал ететіні туралы пікір алмасты.
Интенсивтің практикалық бөлігі Live-спринт форматында өтті. Залда отырған қатысушылар өздерінің академиялық топтарының студенттік чаттарына марафонға тіркелу сілтемесін бір уақытта таратты. Осылайша Астана медицина университетінің студенттері марафонның ресми порталы – www.reading-nation.kz арқылы бірден тіркелу мүмкіндігіне ие болды.
Алты айға созылатын марафон 2026 жылғы қыркүйектен 2027 жылғы наурызға дейін өтеді. Қатысушылар ұсынылған әдебиеттерді оқып, қорытынды онлайн-тестілеуден өтуі керек.
Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық қарастырылған. Бірінші орынға – 600 мың теңге, екінші орынға – 450 мың теңге, үшінші орынға 300 мың теңге беріледі.
Сонымен қатар университетте «Зерделі ұлт» атты арнайы кітап оқу кеңістігін құру жоспарланып отыр.
«Біз медицина мамандығын меңгеріп жатқан студенттерге түсінікті әрі олардың кәсібіне тікелей қатысты дәлелдермен келдік. 320 топ жетекшісі – жай ғана белсенді студенттер емес, олардың әрқайсысының артында академиялық тобы бар 320 көшбасшы бар. Болашақ дәрігер үшін кәсіби біліммен қатар, гуманитарлық ой-өрісті кеңейту де маңызды.
Кітап оқу эмоцияны түсінуге, эмпатияны дамытуға және жағдайға кеңірек қарауға көмектеседі. Астана медицина университетінің Ұлттық жобаның маңызды қатысушыларының біріне айналуына барлық мүмкіндігі бар», – деді өңірлік жобалық кеңсенің басшысы Жақсыбай Боранбаев.