«Үшеуі де менің еңбек жолымды жалғап келеді»: астаналық әке ұлдарымен бір салада жұмыс істейді

«Үшеуі де менің еңбек жолымды жалғап келеді»: астаналық әке ұлдарымен бір салада жұмыс істейді

Астананың тазалығы мен көркеюіне күн сайын үлес қосып жүрген Темірхан Пірімбеттің еңбек жолын бүгінде үш ұлы жалғастырып келеді. «Астана Тазалық» компаниясында арнайы техника жүргізетін әке балаларын адал еңбек етуге баулып, өз тәжірибесімен бөлісіп келеді. Бір отбасының бірнеше мүшесінің коммуналдық салада еңбек етуі – әке жолының ұрпаққа жалғасқанын көрсетеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Темірхан Пірімбет жұмысына таңғы сағат 6:00-де аттанады. Ол алдымен мекеме ғимаратына жетеді. Мұнда еңбек қауіпсіздігі мен жауапкершілік ең алдымен қызметкердің денсаулығын тексеруден басталады. Ол Mercedes-Benz Unimog 400 техникасын жүргізеді. Оның айтуынша, бұл көлік қала тазалығында бірнеше міндет атқара алатын әмбебап техниканың бірі.

«Мен жүргізетін Mercedes-Benz Unimog 400 – өте қолайлы әрі әмбебап техника. Оның ерекшелігі – жыл мезгіліне қарай түрлі жұмысқа бейімделеді. Жазда көшелерге су шашып, жолдар мен қоғамдық аумақтарды тазалауға пайдаланамыз. Ал қыс келгенде сол техника қар күреу жұмысына жұмылдырылады. Сондықтан бұл техниканың елорда тазалығын қамтамасыз етудегі орны ерекше», – дейді Темірхан.

Күнделікті жұмыс бағыты берілген тапсырмаға байланысты белгіленеді. Темірхан Пірімбет алдымен Шарбақты көшесіндегі су бекетінен су алып, Сарайшық ауданындағы көшелерге жол тартады. Мұнда көшелер тазартылып, жол жабындары жуылады.

«Әр мезгілдің өз қиындығы, өз ерекшелігі бар. Жаздың ыстығында да, қыстың суығында да жұмыс тоқтамайды. Әсіресе Астананың қысы оңай емес. Аязды күндері далада техникамен жұмыс істеудің өзіндік қиындығы болады. Қыстың суық кезеңінде жұмысшыларға ерекше жағдай жасалады. Бізді ыстық тамақпен қамтамасыз етеді. Бұл – еңбек адамына көрсетілетін қамқорлық. Осындай қолдау жұмысшыларға күш береді», – дейді Темірхан Пірімбет.

Бүгінде оның үш ұлы әке жолын жалғап келеді. Олар да әкесінен көрген тәжірибе мен еңбекке деген жауапкершілікті өмірлік ұстанымына айналдырып келеді.

«Менің үш ұлым бар, үшеуі де менің еңбек жолымды жалғап келеді. Әрине, әке ретінде бұл – мен үшін үлкен мақтаныш. Балаларым әрқашан менен ақыл-кеңес сұрап отырады. Кейде техникаларында қандай да бір мәселе немесе ақау шығып жатса, хабарласып, пікірімді сұрайды. Өзім білген тәжірибеммен бөлісіп, қолдан келгенше бағыт көрсетемін. Бірақ әкенің міндеті тек жұмысқа қатысты кеңес берумен шектелмейді. Күнделікті кешкі уақытта дастарханда бас қосқанда олардың жұмысы қалай жүріп жатқанын сұраймын. Қандай қиындықтары бар, қандай мәселеге тап болды, бәрін тыңдауға тырысамын. Өйткені еңбек адамына қолдау да, ақыл да қажет.

Балаларыма әрдайым еңбекті адал атқаруды, өз ісіне жауапкершілікпен қарауды айтып отырамын», – дейді ол.

Еңбек адамы үшін қала тазалығы – қызметтік міндет қана емес, азаматтық жауапкершілік.
«Халқымыз «Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі» дейді. Бұл өте дұрыс айтылған сөз.

Тазалықты біреуден талап етпес бұрын, ең алдымен өзімізден бастауымыз керек. Таза орта денсаулықтың да, мәдениеттің де көрсеткіші. Мен осы жылдардағы еңбегімнен бір нәрсені анық түсіндім: жұмыла жасалған іс қашанда нәтижелі болады. Егер әр адам өз ауласына, өз көшесіне, өз қаласына жанашырлықпен қараса, үлкен нәтижеге қол жеткіземіз. Біз Астананың тазалығы үшін күн сайын еңбек етеміз. Ал қала тұрғындары тазалыққа жауапкершілікпен қараса, еңбегімізді бағаласа елордамыздың көркеюіне қосылған ортақ үлес болмақ», – дейді Темірхан Пірімбет.

Еңбек күні дәл осындай өз ісіне адал жандардың маңдай теріне құрмет көрсететін мереке. Таңғы сағат алтыда жұмыс күнін бастап, ауа райының кез келген жағдайында елорда көшелерінің тазалығы үшін еңбек ететін Темірхан Пірімбеттің отбасы кәсіптің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатынын дәлелдейтін жарқын мысал.