
Астанадағы №115 мектепте кітап оқу мәдениетін жасанды интеллект мүмкіндіктерімен ұштастыратын жаңа жоба іске қосылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында №115 мектепте оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған «BookTalk AI» авторлық жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның ерекшелігі – балалардың дәстүрлі кітап оқуын заманауи технологиялармен ұштастыруында.
Жоба аясында оқушыларға Кітапбек атты жасанды интеллект кейіпкері көмектеседі. Ол балаларға өздері таңдаған кітаптарын оқып беріп, шығарма мазмұнын талқылауға, кейіпкерлер туралы ой бөлісуге және сұрақтарға жауап іздеуге мүмкіндік береді.
«BookTalk AI» әр бейсенбі сайын өткізіледі. Сабақ барысында оқушылар көркем шығармамен танысып қана қоймай, оның мазмұнын талдайды, кейіпкерлердің іс-әрекетіне өз көзқарасын білдіреді, шығарманың негізгі идеясын анықтап, өз ойын еркін жеткізуге дағдыланады.
Жобада жасанды интеллект дайын жауап беретін құрал ретінде емес, оқушыны ойлануға, сұрақ қоюға, ізденуге және пікір білдіруге ынталандыратын танымдық көмекші ретінде пайдаланылады.
Мектеп ұжымы үшін жобаның негізгі мақсаты – технологияны кітап оқуға балама ету емес, керісінше, оны оқушының кітапқа деген қызығушылығын арттыратын құрал ретінде тиімді пайдалану. Осы арқылы балалардың оқу сауаттылығын, функционалдық сауаттылығын, сыни және креативті ойлау қабілетін дамытуға басымдық беріледі.