
Астана әуежайында Чехияда өткен Pilsen 2026 World Boccia Challenger халықаралық турнирінде Қазақстан намысын қорғаған бочча құрамасын салтанатты түрде қарсы алу іс-шарасы өтті. Спортшылармен бірге елорда спортшысы, турнирде алтын медаль жеңіп алған Итиана Шыңғысханова да елге оралды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Спортшыларды әуежайда гүл шоқтары мен қошеметпен қарсы алды. Құрама мүшелері мен елордалық жүлдегерді құттықтауға олардың жақындары, достары, жанкүйерлері және спорт қауымдастығының өкілдері келді.
Еске сала кетейік, боччадан өткен халықаралық турнирге әлемнің 23 елінен 78 параспортшы қатысты. Қазақстан құрамасы сапында төрт спортшы өнер көрсетті.
Итиана Шыңғысханова топтық кезеңде үш жеңіске жетіп, жартылай финалда Грекия өкілі Элисавет Иосифидуды 8:1 есебімен жеңді.
Финалдық кездесуде елордалық спортшы Израиль өкілі Орель Якоовпен сынға түсіп, 10:1 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша Итиана Шыңғысханова турнирдің алтын медалін иеленді.
Сонымен қатар Қазақстан құрамасы командалық жарыста қола жүлдегер атанды. Үшінші орын үшін өткен кездесуде қазақстандық спортшылар Канада құрамасын 24:3 есебімен жеңді.
Турнирге дайындығы туралы айтқан Итиана Шыңғысханова бұл нәтиже көп жылғы еңбегі мен бұған дейінгі халықаралық жарыстарда жинаған тәжірибесінің жемісі екенін атап өтті.
«Өзіңді қолға алып, қандай жағдай болса да алға ұмтылған кезде, еңбегіңнің нәтижесі көңіліңнен шығып, кез келген нәрсеге қол жеткізуге болатынын түсінесің. Бұл біз үшін осы уақытқа дейінгі ең сәтті халықаралық жарыс болды.
Біз дамып келе жатқанымызды дәлелдедік және алдағы уақытта да жаңа белестерді бағындыра береміз», – деді елордалық спортшы.