Астанада әскери жиындар мен арнайы-тактикалық оқу-жаттығулар өтті

Астанада әскери жиындар мен арнайы-тактикалық оқу-жаттығулар өтті

Астана аумақтық қорғаныс бригадасы (99255 әскери бөлімі) ауқымды әскери жиындар мен тактикалық-арнайы оқу-жаттығулар өткізді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Оқу-жаттығулар 7-16 қыркүйек аралығында ұйымдастырылды.

Іс-шаралар әскери және жұмылдыру даярлығын арттыруға, әскери міндеттілердің білімі мен дағдыларын жетілдіруге, сондай-ақ аумақтық қорғаныс міндеттерін орындау кезінде алған практикалық тәжірибесін бекітуге бағытталды.

Жиындар мен оқу-жаттығулар Ақмола облысы Аршалы ауданының Арнасай ауылындағы Вячеслав су қоймасының аумағында өтті.

Оқу-жаттығулар мен әскери жиындарға барлығы 102 әскери міндетті қатысты. Өзара іс-қимыл мен ведомствоаралық үйлестіру жұмысына мына құрылымдар жұмылдырылды:
1. Астана қаласы әкімдігінің Жұмылдыру даярлығы басқармасы;
2. Полиция департаменті;
3. Төтенше жағдайлар департаменті;
4. Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасы;
5. Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы;
6. Ұлттық ұлан.

Оқу-жаттығудың шарықтау шегі 15 қыркүйекте өткен үшінші кезең болды. Белсенді кезең барысында қатысушылар маңызды инфрақұрылым нысандарын күзету және қорғауға қатысты негізгі міндеттерді пысықтады. Әскери міндеттілер қойылған міндеттерді орындау кезінде өзара үйлесімді әрекет етіп, жоғары дайындық деңгейі мен кәсіби шеберлігін көрсетті.