Астанада зейнеткерлер мен жастар үстел теннисінен күш сынасты

Астанада зейнеткерлер мен жастар үстел теннисінен күш сынасты

Астананың Байқоңыр ауданында қарттар айлығы аясында аға буын мен жастарды спорт арқылы біріктірген тағылымды кездесу өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Байқоңыр ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында зейнеткерлер мен «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының волонтерлері арасында «Бірлік. Достық. Спорт!» атты үстел теннисінен жолдастық турнир ұйымдастырылды.

Іс-шараны Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Серік Қарабатыров ашып, қатысушыларға ақжолтай тілегін білдіріп, сәтті ойын тіледі.
«Мұндай кездесулердің маңызы зор. Спорт – денсаулықты нығайтумен қатар, адамдарды жақындастыратын, достықты бекемдейтін орта. Бүгінгі басқосу арқылы жастар мен аға буын өкілдерінің өзара қарым-қатынасын нығайтып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруды көздеп отырмыз. Байқоңыр ауданындағы үстел теннисі үйірмесіне 80-ге жуық зейнеткер тұрақты қатысады. Орталықта спортпен айналысуға барлық жағдай жасалған», – деді Орталық директоры Серік Жолаушыұлы.

Жолдастық кездесу барысында қатысушылар үстел теннисінен өзара бақ сынасып, спорттық шеберліктерін көрсетті. Турнирге барлығы 8 жұп қатысып, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Әсіресе, зейнеткерлердің ширақ қимылы мен спортқа деген қызығушылығы жастарға үлгі болды.
Кеш соңында турнирге қатысушылардың барлығына алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.