Астана полицейлері арасында мемлекеттік тілді насихаттауға арналған шығармашылық байқау өтті

Астана полицейлері арасында мемлекеттік тілді насихаттауға арналған шығармашылық байқау өтті

Астана қаласының Полиция департаменті қызметкерлері арасында «Парасатты полицей» қалалық байқауын өткізді. Бұл күні әдеттегі жұмыс барысы сахнадағы өнер, шығармашылық пен көтеріңкі көңіл күйге ұласты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Байқауда аудандық полиция бөлімшелерінен келген 9 команда үздік атану үшін бақ сынады.

Байқаудың мақсаты – полиция қызметкерлері арасында мемлекеттік тілді кеңінен насихаттау, оның мәртебесін арттыру және күнделікті өмірде әрі қызмет барысында қазақ тілін белсенді қолдануға жағдай жасау. Сонымен қатар сөйлеу мәдениетін дамытуға, яғни сауатты, мәнерлі әрі құрметпен сөйлеу дағдысын қалыптастыруға ерекше мән берілді.

Қатысушылар шығармашылық қабілеті мен әртістік шеберлігін, тапқырлығын танытып, кәсіби терминология мен мемлекеттік тілді қолдануға қатысты түрлі тапсырмаларды орындады. Әр команда өз ерекшелігін көрсетіп, көрерменді таңғалдыруға тырысты.

Байқау тапсырмаларымен қатар залда мерекелік көңіл күй орнады. Қызметкерлер бір-біріне қолдау көрсетіп, өз командаларына жанкүйер болды. Көпшілік үшін бұл күн күнделікті қызмет барысында байқала бермейтін өнері мен талантын көрсетуге мүмкіндік берді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге марапаттарды Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы Марат Төлеев табыстады. Ол қатысушылардың белсенділігін, шығармашылық ізденісін және мемлекеттік тілді насихаттауға қосқан үлесін атап өтті.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде – Гран-при Нұра ауданының Полиция басқармасы командасына берілді. Бірінші орынды Патрульдік полиция полкінің командасы, екінші орынды Сарайшық ауданының Полиция басқармасы, үшінші орынды Сарыарқа ауданының Полиция басқармасы командасы иеленді.

Сонымен қатар басқа қатысушылар да өздерінің ерекшелігі, шығармашылық ізденісі, әртістік шеберлігі және байқауға белсенді қатысқаны үшін арнайы номинациялармен марапатталды.
«Парасатты полицей» – жай ғана байқау емес, ұжымды мемлекеттік тілге деген құрмет, Отанға деген сүйіспеншілік, патриотизм, жауапкершілік және қызметтік міндетке адалдық секілді ортақ құндылықтар төңірегіне біріктіруге бағытталған іс-шара.