Астанада полиция ата-аналармен отбасылық спорт жарыстары арқылы профилактикалық жұмысты күшейтті

Астанада полиция ата-аналармен отбасылық спорт жарыстары арқылы профилактикалық жұмысты күшейтті

Елорданың Сарайшық ауданында Отбасы апталығы аясында «Көңілді старттар» форматында отбасылық спорт жарыстары өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараға №73 мектептің 4-сынып оқушылары мен олардың ата-аналары қатысты.

Жарысқа 14 отбасы қатысып, түрлі спорттық эстафеталар мен командалық тапсырмалар бойынша бақ сынады. Қатысушыларға қолдау көрсетуге оқушылар, ата-аналар және мектеп қауымдастығының өкілдерін қоса алғанда, 100-ге жуық көрермен келді.

Іс-шара барысында қалалық Полиция департаментінің қызметкерлері ата-аналармен профилактикалық жұмыстарға ерекше көңіл бөлді. Полицейлер кәмелетке толмағандар арасында есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша түсіндіру жүргізіп, балалардың интернетте және күнделікті өмірде тап болуы мүмкін қауіптер туралы айтты.

Ата-аналарға балаларының қызығушылығы мен араласатын ортасына мұқият көңіл бөлу, олармен ашық сөйлесу және мінез-құлқындағы алаңдатарлық өзгерістерге дер кезінде назар аударудың маңызы түсіндірілді. Сондай-ақ баланың дұрыс өмірлік ұстанымдарын қалыптастыруда, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауына және теріс ықпалға қарсы тұруына отбасындағы тәрбиенің рөлі ерекше екені атап өтілді.

«Профилактика ең алдымен отбасынан басталады. Баланы бақылап қана қоймай, онымен үнемі сөйлесіп, қызығушылығы мен араласатын ортасын білу маңызды. Ата-ананың балаға дер кезінде көңіл бөлуі көптеген қауіптің алдын алуға көмектеседі», – деді полиция қызметкерлері.
Отбасылық спорт жарыстарын өткізу отбасы құндылықтарын нығайту, белсенді өмір салтын насихаттау және балалар мен ата-аналар арасында профилактикалық жұмыстар жүргізуді бір іс-шараға ұштастыруға мүмкіндік берді.

Астана қаласының Полиция департаменті балалармен, ата-аналармен және педагогтермен жүйелі профилактикалық жұмыстарды жалғастырып келеді. Бұл ретте есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алуға және өскелең ұрпақ үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға ерекше мән беріліп отыр.