Астаналық диспетчер қоғамдық көлік саласындағы 19 жылдық тәжірибесі жайлы айтты

Астаналық диспетчер қоғамдық көлік саласындағы 19 жылдық тәжірибесі жайлы айтты

Астанада тұрғындардың жайлы өмір сүруі мен демалысына қолайлы жағдай жасау үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Қаланың инфрақұрылымын дамыту, тіршілікті қамтамасыз ететін жүйелердің үздіксіз жұмысын ұйымдастыру және басқа да технологиялық тетіктердің артында көп жағдайда көзге көріне бермейтін мамандардың еңбегі жатыр. Солардың бірі – «Қазан Экспресс» ЖШС-нің аға диспетчері Юлия Горб. Ол қоғамдық көлік саласында 19 жылдан бері еңбек етіп келеді. Еңбек күні қарсаңында маман елордалық қоғамдық көлік жұмысының қыр-сыры туралы айтып берді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Оның көлік саласындағы еңбек жолы 2007 жылы басталған. Ол кезде кондукторлар жолақы ақысын әлі қолма-қол қабылдайтын, ал бүгінде күнделікті қолданыста жүрген цифрлық сервистер болған жоқ. Esil University-де «Есеп және аудит» мамандығын тәмамдаған Юлия уақыт өте келе диспетчерлік қызметтен өзіне лайықты жұмысын тапқан. Бүгінде ол «Қазан Экспресс» ЖШС-да аға диспетчер болып, қалалық қоғамдық көліктің жұмысын үйлестіреді.

«Жұмысым өте қызықты», – дейді Юлия.
Оның негізгі міндеті – автобустардың желіге уақытылы шығуын қамтамасыз ету және жүргізушілердің жолаушыларды кестеге сәйкес, қауіпсіз әрі сабырлы жағдайда тасымалдауын ұйымдастыру. Диспетчерлік қызмет мамандары бұл жұмыстардың барлығын Avtobys жүйесі арқылы нақты уақыт режимінде бақылап отырады.

Алайда қозғалыс кестесін мінсіз сақтау әрдайым мүмкін бола бермейді. Әсіресе ауа райы қолайсыз күндері диспетчерлердің жұмысы күрделене түседі.

«Мұндай күндері жағдай өте күрделі болады. Жүргізушілерге рейстерді орындау қиындай түседі, өйткені олар әр жолаушының қауіпсіздігіне жауап береді. Ал диспетчерлік қызмет қозғалыс кестесі мен автобустар арасындағы интервалдарды бақылап, реттеп отырады. Осылайша тұрғындардың баратын жеріне еш қиындықсыз жетуіне жағдай жасаймыз», – дейді Юлия.

Маман кез келген қиындықты еңсерудің басты сыры командалық жұмыс пен ауызбіршілігі жарасқан ұжым деп санайды. Еңбек күні қарсаңында көп жылдық тәжірибесі бар маман жастар мен жаңа қызметкерлерге өз кеңесін де айтты. Оның пікірінше, ең бастысы – мақсатқа ұмтылып, болмашы қиындыққа бола ешқашан берілмеу.

Елорданың көлік жүйесі осындай күнделікті еңбек пен өз ісіне деген адалдықтың нәтижесінде қалыптасып отыр.