
Астанада кәсіпорындардың қатысуымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында аумақтарды көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Іс-шара барысында 125 түп ағаш отырғызылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Экологиялық бастамаға №1 Индустриялық паркте орналасқан «Гидрокс» және «KAZTENT SERVICE» ұжымдары атсалысты. Кәсіпорын қызметкерлері аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына белсенді қатысып, қоршаған ортаны жақсартуға өз үлестерін қосты.
«KAZTENT SERVICE» елордада қаңқалы-тентті бұйымдар өндіретін өндірістік кешен салу жобасын жүзеге асыруда. Кәсіпорынның жоспарланған өндірістік қуаты жылына 60 мың шаршы метр тент өнімін құрайды.
«Гидрокс» сұйық каустикалық сода өндіретін зауыт жобасын іске асыруда. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 14,4 мың тоннаны құрайды.
«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы мұндай іс-шаралар кәсіпорындарды қаланы көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарына тартуға, экологиялық жауапкершілікті арттыруға және елордада қолайлы әрі таза орта қалыптастыруға бағытталған.
#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan