
Коммуналдық қызметтер қала тұрғындарының күнделікті жайлы өмірін қамтамасыз етеді. Алайда олардың еңбегі көбіне елеусіз қалып жатады. Еңбек күні қарсаңында «Астана су арнасы» кәсіпорнының бас механик қызметінің экскаваторшысы Қанат Темірбеков қалалық желілердегі жұмысы мен мамандығының қыр-сыры туралы айтып берді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Қанат Аманжолұлының жалпы еңбек өтілі 44 жылды құрайды. Оның 26 жылы елорданың сумен жабдықтау және су бұру саласына тиесілі. Оның айтуынша, техникаға деген қызығушылығы бала кезінен қалыптасқан, ал жұмысшы мамандығын таңдау туралы шешімі саналы түрде қабылданған.
«Басқаратын қуатты техникаңның қолмен бірнеше апта жасалатын күрделі жұмысты бір сәтте атқарып жатқанын көргенде, техниканың мүмкіндігі мен адам еңбегінің қадірін шын түсіне бастайсың. Мен күрделі техниканы басқарып, туған өлкеме нақты әрі елеулі пайда әкелгім келді. 1990 жылдары су арнасына жұмысқа келдім. Содан бері таңдаған жолыма бір рет те өкінген емеспін», – деді ол.
Экскаваторшының әр ауысымы техниканы тексеруден басталады. Жұмыс күні бойы ол су құбыры мен кәріз желілерін тарту және ауыстыру, топырақ қазу, апаттық-қалпына келтіру бригадаларына арналған қазаншұңқырларды дайындау жұмысын атқарады. Жұмыс аяқталғаннан кейін аумақты тазалауға да қатысады.
Қаладағы тығыз құрылыстар жағдайында жұмыс істеу ерекше дәлдікті талап етеді. Өйткені жер астында түрлі инженерлік коммуникациялар өтеді.
«Бір-екі сантиметрге қателесу тұтас бір шағын ауданды жарықсыз немесе байланыссыз қалдыруы мүмкін. Сондықтан экскаваторшы хирург секілді жұмыс істеуі керек – салмағы жүздеген келі болатын шөмішті барынша дәл басқаруы қажет. Жақсы маманның көзі қырағы, кеңістікті жақсы бағдарлайтын, реакциясы жылдам әрі сабырлы болуы керек», – деді Қанат Темірбеков.
Осы жылдар ішінде ол түнгі уақытта және қатты аязда болған апаттарды жою жұмысына талай рет қатысты. Мамандығы үшін ең күрделі жағдайлардың бірі – ірі магистральдық су құбырларындағы қыс мезгіліндегі апаттар. Мұндай кезде көршілес коммуникацияларға зақым келтірмей, қатып қалған топырақты ашу қажет.
«Мұндай сәттерде шаршау мен суықты ұмытып кетесің. Жұмысың мыңдаған адамның жайлылығына әсер ететінін түсіну жұмыс істеуге күш береді», – дейді ол.
Бүгінде маман жинаған тәжірибесін кәсіпорынның жас қызметкерлеріне үйретуге тырысады.
«Жастарға үнемі айтамын: қиындықтан қорықпаңдар, жұмысшы мамандықтарды таңдаудан тартынбаңдар. Қолымен сапалы жұмыс істеп, күрделі техниканы басқара білетін адам ешқашан нәпақасыз да, құрметсіз де қалмайды. Ең бастысы – өз ісіңе жауапкершілікпен қарап, тәртіпті сақтап, жұмысыңды сүйе білу», – деп сөзін қорытындылады Қанат Темербеков.