Астаналық спортшылар әскери күрестен әлемдік турнирде алтын мен күміс медаль жеңіп алды

Астаналық спортшылар әскери күрестен әлемдік турнирде алтын мен күміс медаль жеңіп алды

Өзбекстан астанасы Ташкентте Халықаралық әскери спорт кеңесінің (CISM) қамқорлығымен әскери күрестен тұңғыш Дүниежүзілік әскери турнир – 1st CISM World Military Kurash Challenge өтіп жатыр. Астаналық спортшылар жарыста жоғары нәтиже көрсетіп, екі медаль жеңіп алды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Халықаралық турнир әскери қызметшілер арасында күресті кеңінен насихаттауға, сондай-ақ әр елдің әскери спортшылары арасындағы достық байланыс пен өзара сенімді нығайтуға бағытталған.

Жарыс ерлер арасында сегіз, әйелдер арасында бес салмақ дәрежесі бойынша, барлығы 13 санатта өтіп жатыр.

Турнирде Қазақстан құрамасы сапында сынға түскен астаналық спортшылар да сәтті өнер көрсетті. Толқын Тұрсынақынова 70 келіден жоғары салмақ дәрежесінде алтын медаль иеленді. Мәди Амангелді 81 келіге дейінгі салмақта күміс жүлдегер атанды.

Айта кетейік, CISM қамқорлығымен әскери күрестен тұңғыш Дүниежүзілік турнирдің өткізілуі бұл спорт түрін кеңінен насихаттап, оның әскери спорттың халықаралық аренасындағы аясын кеңейту жолындағы маңызды қадам болды.