
Елордада есірткі қылмысының алдын алу және «Астана – есірткісіз қала» бастамасын қолдау мақсатында жастар арасында Counter-Strike 2 бойынша турнир өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Турнирді Астана қаласы Полиция департаменті ұйымдастырды.
Үздік атану үшін 20 команда бақ сынады. Турнирге елордалық жоғары оқу орындарының жастар құрамалары, медиа тұлғалар мен Астана қаласы Полиция департаментінің командалары қатысты.
Медиа тұлғалардан құралған командаға ерекше қызығушылық танытылды. Оның құрамында блогер Айдос Қожахметов пен қазақстандық әнші Mona Songs өнер көрсетті. Бір алаңда түрлі сала өкілдері бас қосып, оларды киберспортқа деген қызығушылық пен командалық бәсеке біріктірді.
Тартысты ойын қорытындысы бойынша бірінші орынды Nazarbayev University атынан қатысқан KNZ Team командасы иеленді. Жеңімпаздарға 500 мың теңге көлеміндегі бас жүлде табысталды. Екінші орынға Nazarbayev University-дің «МАНДАРИН» командасы жайғасып, 300 мың теңге алды. Үшінші орын Aidos Team командасына бұйырып, оған 100 мың теңге табысталды. Төртінші орынды «Аграрка №1» командасы иеленіп, оның қатысушылары да 100 мың теңге көлемінде сыйлық алды. Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне кубоктар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.
Қатысушылар үшін киберспорттық бәсекенің толыққанды атмосферасы қалыптастырылды. Әр командаға арнайы форма әзірленіп, ойын аймақтары турнир ерекшелігіне сай безендірілді. Ал жарыс алаңы белсенді қарым-қатынас, қолдау және командалық бәсекеге толы ортаға айналды. Қатысушылар мен көрермендер ойынның шынайы қызуын сезініп, жарыстан жағымды эмоция алды.
Турнирдің өтуі полицияның жастармен профилактикалық жұмыс жүргізуінің заманауи форматтарының біріне айналды. Бүгінде киберспорт – көптеген жастың басын қосатын танымал бағыттардың бірі. Сондықтан жастардың түрлі қызығушылықтары мен әуестіктерін қолдап, олардың қарым-қатынас жасауына, дамуына және өз қабілетін жүзеге асыруына мүмкіндік жасау маңызды. Сонымен қатар мұндай жұмыс жастар арасында есірткіге деген теріс көзқарасты қалыптастыруға ықпал етеді.
Астана қаласы Полиция департаменті жастармен өзара іс-қимылдың заманауи форматтарын жүйелі түрде қолданып келеді. Ведомство спорт пен шығармашылықты ғана емес, жастар арасында танымал бағыттардың бірі – киберспортты да қолдауға мән береді.
#законипорядок #заңментәртіп