Астанадағы ЖОО студенттері «Кітап оқитын ұлт» жобасына қосылды

Астанадағы ЖОО студенттері «Кітап оқитын ұлт» жобасына қосылды

Астанада 19 жоғары оқу орнының басшылығы «Кітап оқитын ұлт» жобалық кеңсесі және Жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірлесіп, ауқымды ағартушылық жобаны іске асыру тетіктерін талқылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Елордадағы жоғары оқу орындарында бүкіл академиялық қауымдастықты – студенттерден бастап профессор-оқытушылар құрамы мен ғалымдарға дейін – оқу мәдениетіне жүйелі түрде тартуға бағытталған алты айлық кітап марафоны басталды. Қатысушылар reading-nation.kz бірыңғай цифрлық платформасы арқылы өтінім беріп, марафонның барлық кезеңінен өте алады.

«Кітап оқитын ұлт» ұлттық жобасы елдің зияткерлік әлеуетін нығайтуға, сыни ойлауды дамытуға және ұлттық әдебиетті қолдауға бағытталған. Елорда еліміздің жетекші білім беру орталығы ретінде жобаға қатысудың жоғары стандарттарын қалыптастырып, басқа өңірлерге үлгі болуы тиіс.

Марафон бағдарламасы 2026 жылғы қыркүйектен 2027 жылғы наурызға дейінгі кезеңді қамтиды.
Қатысушылар ұсынылған 15 шығармадан тұратын тізіммен танысып, білімді бағалау кезеңінен өтіп, қорытынды сынақтарға қатысу қажет.
Жоба екі негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады:
• «Кітап оқитын университет» – бакалавриат студенттеріне, магистранттар мен докторанттарға арналған;
• «Кітап оқитын зияткер» – жоғары оқу орындарының оқытушыларына, зерттеушілері мен қызметкерлеріне арналған.

Елорданың әр жоғары оқу орнында марафонды қолдауға қажетті инфрақұрылым әзірленеді. Атап айтқанда, «Зерделі ұлт» ақпараттық бұрыштары ашылып, жауапты үйлестірушілер мен педагог-тәлімгерлер тағайындалады, оқырман клубтарының жұмысы ұйымдастырылады.
Марафон қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар республикалық деңгейде бағалы сыйлықтармен және мемлекеттік наградалармен марапатталады.

«Оқу мәдениетін дамыту – білім беру саласындағы барлық институттың күш біріктіруін талап ететін стратегиялық міндет. Біз елорданың университет қауымдастығын – студенттерді, магистранттарды, докторанттар мен оқытушыларды – осы қозғалыстың негізгі қозғаушы күшіне айналуға шақырамыз. «Кітап оқитын ұлт» жобасы адамдарды формалды түрде қамту үшін емес, цифрлық трансформация дәуірінде кітаптың білімнің, сыни ойлаудың және тұлғалық дамудың көзі ретінде сақталуы үшін құрылды», – деді «Кітап оқитын ұлт» өңірлік жобалық кеңсесінің Астана қаласы бойынша жетекшісі Жақсыбай Буранбаев.

Жоба мектептердегі, колледждердегі және жоғары оқу орындарындағы кітап оқу қозғалыстарын, жастар ұйымдарын, мемлекеттік құрылымдар мен жеке секторды біріктіреді.

Reading-nation.kz бірыңғай цифрлық экожүйесі ел бойынша тіркелуге, қажетті материалдарға қол жеткізуге, қатысушыларды автоматтандырылған түрде есепке алуға, олардың үлгерімін бақылауға, білімін тәуелсіз бағалауға және қорытынды шығарудың ашық жүйесін қамтамасыз етеді.