Астанада әлеуметтік кәсіпкерлердің алғашқы халықаралық саммиті өтіп жатыр

Астанада әлеуметтік кәсіпкерлердің алғашқы халықаралық саммиті өтіп жатыр

Астанада «Тұрақты болашаққа арналған әлеуметтік инвестициялар» тақырыбында әлеуметтік кәсіпкерлердің алғашқы халықаралық саммиті өтіп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Саммитке Қазақстаннан және шетелден, соның ішінде Германиядан, Канададан, Малайзиядан және ТМД елдерінен 700-ге жуық адам қатысады деп күтіліп отыр. Іс-шара әлеуметтік кәсіпкерлерді, инвесторларды, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың және даму институттарының өкілдерін бір алаңға жинайды.

10 қыркүйекте саммиттің шетелдік қонақтарына арналған мәдени бағдарлама жоспарланған. Негізгі іскерлік бағдарлама 11 қыркүйекте Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында өтеді.

Іскерлік бағдарлама сағат 10:00-де басталады. Кіру тегін. Алдын ала тіркелу қажет.
Саммитте әлеуметтік инвестициялар, тұрақты бизнес-модельдер және халықаралық ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланады. Саммиттің мақсаты –мемлекет, бизнес пен азаматтық қоғам арасындағы әріптестікті нығайту, әлеуметтік кәсіпорындардың мүмкіндіктерін кеңейту және қоғамдық маңызы бар мәселелерді шешуге қажетті ресурстарды тарту.

Шетелдік қонақтар Қазақстанның мәдениетімен және әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы тәжірибесімен танысады. Сондай-ақ елордадағы әлеуметтік кәсіпорындарға бару жоспарланған. Бұл сапарлар жергілікті жобалармен танысуға және кәсіби байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Саммит аясында Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ / EBRD), Дүниежүзілік банктің (World Bank), БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ / UNDP), Жапония мен Канаданың дипломатиялық миссияларының, Catalyst Now халықаралық желісінің, Senior Expert Service (SES) ұйымының және басқа да халықаралық серіктестердің өкілдері сөз сөйлейді деп күтілуде.

Арнайы панельдік сессия әлеуметтік кәсіпорындарды қаржыландыру, олардың әлеуетін арттыру және қызмет ауқымын кеңейту мәселелеріне арналады. Қатысушылар әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдаудың халықаралық тәжірибесін, гранттық қаржыландыру тетіктерін, трансшекаралық ынтымақтастықтың келешегін және Орталық Азия елдерінде озық шетелдік тәжірибені қолдану мүмкіндіктерін талқылайды.
Саммиттің маңызды іс-шараларының бірі – «Үздік әлеуметтік кәсіпкер-2026» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі. Байқау лауреаттарына марапаттарды Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілдері табыстайды.

Іскерлік бағдарлама аясында мына іс-шаралар да өтеді:
• Ethnic Heritage Fair – әлеуметтік кәсіпкерлердің өнімдері ұсынылатын этножәрмеңке;
• Information Fair – мемлекеттік даму институттары мен халықаралық ұйымдар әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларын таныстыратын ақпараттық көрме;
• «Әлем айнасы» – жаһандық әлеуметтік сын-қатерлерге және оларды еңсерудің тиімді тәсілдеріне арналған фотокөрме.

Саммиттің ұзақ мерзімді мақсаты – тәжірибе алмасуға, әріптестікті дамытуға және әлеуметтік кәсіпкерлікке инвестиция тартуға арналған тұрақты халықаралық алаң қалыптастыру. Сондай-ақ саммит Қазақстанның әлеуметтік инновациялар мен тұрақты даму саласындағы өңірлік ынтымақтастық орталығы ретіндегі рөлін нығайтуға бағытталған.

Саммитті ұйымдастырушы – Әлеуметтік инновациялық хаб. Іс-шара Астана қаласы әкімдігінің, Әлеуметтік инвесторлар қауымдастығының және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің қолдауымен өтеді.