
Елордада 15-17 қазан аралығында алғаш рет жүзуден World Aquatics Swimming World Cup Astana 2026 әлем кубогінің кезеңі өтеді. Елордадағы кезең Silk Road Tour сериясының қорытынды жарысы болмақ, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Биыл World Aquatics Еуразияның үш қаласын әлем кубогының бірыңғай бағытына біріктірді. Оған Баку, Ташкент және Астана қалалары енді.
Тарихта Еуропа мен Шығыс Азияны ғасырлар бойы байланыстырған Ұлы Жібек жолының құрметіне серия Silk Road Tour деп аталды.
Серияның алғашқы кезеңі 1-3 қазан аралығында Бакуде өтеді. Екінші кезең 8-10 қазанда Ташкентте ұйымдастырылады. Ал жарыс 15-17 қазанда Астанада мәресіне жетеді.
Астанадағы кезеңнің бағдарламасына ерлер мен әйелдер арасында 17-ден, барлығы 34 жеке жарыс түрі енгізілген. Сонымен қатар спортшылар ерлер, әйелдер және аралас эстафеталық жарыстарда бақ сынайды.
Жарысқа әлемнің үздік жүзушілері, оның ішінде Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері, әлем чемпионаттарының жүлдегерлері және қазіргі әлем рекордшылары қатысады.
Silk Road Tour сериясының үш кезеңіне 50-ден астам елден 750-ден аса спортшының қатысады деп жоспарланып отыр. Серияның жалпы жүлде қоры 1,2 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұл сома әлемдік рекордтар мен басқа да жетістіктер үшін берілетін бонустарды қамтымайды.
World Aquatics әлем кубогының кезеңдері ірі халықаралық жарыстарға іріктеу кезеңдерінің ресми жарыстарының қатарына кіреді. Спортшылар үшін Silk Road Tour желтоқсан айында Бейжіңде өтетін 25 метрлік бассейндегі жүзуден әлем чемпионатына дайындықтың маңызды кезеңі болмақ.