
Білім күні Астанадағы №82 «Дарын» мектеп-лицейінде ерекше сабақ өтті. Оқу үдерісінде мұғалімге жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін робот-ассистент көмектесті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Сабақтың ерекшелігі – оқушыларға робот жай ғана технологиялық жаңалық ретінде таныстырылмай, оқу үдерісіне тікелей қатысты. Ол мұғаліммен және оқушылармен белсенді қарым-қатынас орнатып, оқу материалын түсіндіруге атсалысты, сұрақтар қойып, сабақтың жекелеген кезеңдерін өткізуге көмектесті.
Бұл ретте сабақтағы негізгі рөл мұғалімнің өзінде қалды. Робот тек ассистент, яғни мұғалімнің бірқатар міндетін атқарып, оқушылармен өзара байланысты барынша интерактивті етуге мүмкіндік беретін қосымша құрал ретінде қолданылды.
Сабақта қолданылған робот-ассистент – мектептерге арналған жасанды интеллект технологияларын әзірлейтін қазақстандық EdooX.ai білім беру AI жүйесінің шешімдерінің бірі.
Іс-шара Астана қаласы әкімдігінің, елорданың Білім басқармасы мен әдістемелік орталықтың қолдауымен өтті.
Білім күніне арналған мерекелік бағдарламаға 250-ге жуық бала қатысты. Сондай-ақ оқушылар үшін флешмоб ұйымдастырылып, алғашқы қоңырау символды түрде бір мезетте соғылды.
Астанада өткен бұл тәжірибе болашақ мектебінің ықтимал келбетін көрсетті. Мұнда жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды, керісінше онымен бірге жұмыс істеп, білім беруді интерактивті, технологиялық және әр оқушының жеке қажеттілігіне бейімделген етуге көмектеседі.