«Тамыз форумы – 2026»: Астанада 100-ден астам әскери даярлық пәнінің оқытушысы бас қосты

«Тамыз форумы – 2026»: Астанада 100-ден астам әскери даярлық пәнінің оқытушысы бас қосты

Астанада «Тамыз форумы – 2026» аясында «Бастапқы әскери даярлық: кәсіби даму, инновация және тәжірибе алмасу» тақырыбында үш күндік панельдік сессия өтіп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жалпы білім беретін ұйымдарда «Бастапқы әскери даярлық» пәнін оқыту сапасын арттыру, әскери-патриоттық тәрбие бағытындағы заманауи тәсілдерді талқылау, жаңа идеялар мен инновациялық әдістерді таныстыру және педагогтер арасында тиімді тәжірибе алмасу.

Үш күнге жоспарланған панельдік сессияға Астана қаласы Білім басқармасының өкілдері, білім беру ұйымдарындағы «Бастапқы әскери даярлық» пәнінің оқытушылары, Астана қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері қатысып жатыр.

Жүзден астам оқытушы қатысып жатқан форум барысында бастапқы әскери даярлықты ұйымдастырудың өзекті мәселелері, оқушылардың әскери-патриоттық тәрбиесін жетілдіру, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру және оқу процесіне заманауи технологияларды енгізу бағыттары қарастырылады.

Сондай-ақ қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, пәнді оқытудағы тиімді әдіс-тәсілдермен бөлісіп, білім алушылардың бойында отансүйгіштік, жауапкершілік, тәртіп пен азаматтық ұстанымды қалыптастырудың маңызын талқылайды.

«Тамыз форумы – 2026» аясындағы бұл панельдік сессия педагогтердің кәсіби дамуына серпін беріп, бастапқы әскери даярлық пәнін оқытудың мазмұнын жетілдіруге және әскери-патриоттық тәрбие жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды кәсіби алаңға айналмақ.