
Астанада тұрғындар мен қала қонақтары үшін заманауи, жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған ауқымды жұмыс жалғасып жатыр. Биыл елорданың барлық алты ауданында 173 нысанды абаттандыру жоспарланған. Олардың қатарында саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар, аулалар, жағалаулар мен жаяу жүргіншілер аймақтары бар. Нысандардың басым бөлігі қазірдің өзінде қала тұрғындарының игілігіне берілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жобаларды іске асыру барысында көгалдандыруға, жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын дамытуға, отбасымен демалуға және спортпен шұғылдануға арналған орындар ашуға ерекше мән беріліп отыр.
Астанада «Мыңжылдық» аллеясын абаттандыру жұмысы жалғасып жатыр. Жаңарған кеңістіктің жаңа нысандарының бірі – жеңіл тұман әсерін тудыратын ерекше «Шоқжұлдыз» субұрқағы. Қазір субұрқақ сынақ режимінде іске қосылды. Мамандар нысанның инженерлік жүйелері мен жұмыс режимдерінің барлығын тексеріп, ретке келтіріп жатыр.
«Шоқжұлдыз» субұрқағын толық іске қосу тамыз айының соңына дейін жоспарланған.
Аллеядағы жұмыс бірден екі аумақта жүргізіліп жатыр. Оның бірі – Қ. Қуанышбаев атындағы драма театрының жанындағы гүлзар, екіншісі – «Нұрлы жол» вокзалы маңындағы саябақ орналасқан аумақ. Қазір театрдың артында шамамен 1,4 гектар жерді алып жатқан жаңа қоғамдық кеңістік құрылып жатыр. Мұнда серуендеуге арналған аймақ, велосипед және жүгіру жолдары, балалар алаңы, демалыс орындары мен қосымша жасыл желек аймақтары пайда болады.
Көгалдандыруға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Аумаққа ағаштар мен бұталар, көпжылдық гүлдер мен сәндік шөптер отырғызылып, көгалдандырылады. Аллея бойына ұсақ жапырақты жөке ағаштары отырғызылады. Театр жақтағы кіреберіс аумақты текше пішінді етіп қалыптастырылған жөке ағаштары безендіреді.
Қала тұрғындарына жақсы таныс базар мен «Астаналық» («Артем») сауда үйі маңында да елеулі өзгерістер болды. Бұл – елордадағы адам көп жүретін орындардың бірі. Осыдан бірнеше жыл бұрын мұндағы аумақтың келбеті мүлде басқа еді. Ескі құрылыс нысандары болатын, ал көгалдандыру іс жүзінде болмаған, жаяу жүргіншілерге қолайлы кеңістік мүлдем қарастырылмаған.
Ескірген нысандар сүрілгеннен кейін олардың орнына толық абаттандырылған аумақ жасалды. Мұнда ағаштар мен көпжылдық өсімдіктер отырғызылып, серуендеуге арналған жолдар мен демалыс орындары жабдықталды.
Қалалық ортаның өзгеруіне «Самал» саябағы да ерекше мысал бола алады. Әл-Фараби даңғылы, Керей және Жәнібек хандар мен Бұқар жырау көшелері аумағында сапалы қалалық ортаға басымдық берілген заманауи тұрғын үй кварталы қалыптасып келеді. Оның орталығында жаңадан ашылған екі қоғамдық кеңістік біртұтас саябақтар кешеніне біріктірілді.
«Самал» саябағында серуендеу жолдары, демалыс және тынығу орындары, заманауи ойын алаңдары, тоған, көпірлер мен көрініс тамашалайтын алаңдар қарастырылған.
Кеңістік тұрғын үй құрылысына үйлесімді кіріктіріліп, қала тұрғындарының күнделікті қажеттіліктеріне бейімделген.
Қалада бұған қоса бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Б. Момышұлы даңғылы мен Қ. Сәтбаев көшесі аралығында жаңа абаттандырылған гүлзар бой көтерді. Мұнда жаяу жүргіншілер аймақтары, заманауи жарықтандыру жүйесі және көгалдандырылған аумақтар пайда болады. Кеңістіктің басты ерекшелігі – балалардың белсенді демалысына арналған бірегей «Айдаһар» ойын кешені.
Ақбұлақ пен Есіл өзендері бойындағы жалпы ұзындығы шамамен 2,5 шақырым аумақты абаттандыру жоспарланған. Жоба аясында жаяу жүргіншілер көпірі, қауіпсіз бағыттар, жаңартылған инфрақұрылым және серуендеп, демалуға арналған жайлы орындары бар заманауи қоғамдық кеңістік құрылады.
Б. Момышұлы даңғылының Қ. Сәтбаев көшесінен Тәуелсіздік даңғылына дейінгі бөлігінде де кешенді жаңғырту жұмысы жүргізіліп жатыр. Жобаның негізгі элементтерінің бірі – «жасыл дәліз». Даңғыл бойына түрлі тұқымды 915 ағаш отырғызылып, автоматты суару жүйесі орнатылады. Сонымен қатар велосипед жолы, кеңейтілген тротуарлар, жаңартылған кіреберіс топтары мен заманауи жаяу жүргіншілерге арналған серуендеу жолы қарастырылған.
Р. Қошқарбаев даңғылының Қ. Аманжолов көшесінен Қордай және С. Нұрмағамбетов көшелеріне дейінгі бөлігінде абаттандыру жұмысы жүріп жатыр. Мұнда да даңғылға шығатын жаңа жол жасалып жатыр. Бұл учаскедегі көлік ағынын азайтып, жолдың өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.
Омаров көшесінен Төле би көшесіне дейінгі аумақта GreenLine желілік саябағының екінші кезеңі жүзеге асырылуда. Мұнда серуендеу бағыттары, демалыс орындары, спорт инфрақұрылымы және ауқымды көгалдандыру жұмысы қарастырылған. Жобаны іске асыру барысында заманауи экологиялық шешімдер қолданылуда.
Кіші Талдыкөл аумағында экосаябақ құру жұмысы да жалғасып жатыр. Қазір мұнда су түбін тереңдету жұмысы жүргізіліп, жағалауы бекітіліп, тиісті аумақтар дайындалуда. Жобаның негізгі мақсаты – табиғи ландшафты сақтау, су деңгейін қажетті мөлшерде ұстап тұру, табиғи экожүйені қалалық ортамен үйлестіру және тұрғындардың демалуына қолайлы, биоалуантүрлілікті сақтауға мүмкіндік беретін орнықты рекреациялық аумақ қалыптастыру.
Елордадағы басқа да маңызды орындарда абаттандыру жүріп жатыр. Мәңгілік Ел даңғылын жаңғыртудың екінші кезеңі аясында көгалдандыру жұмысы жүргізіліп, жаяу жүргіншілер аймақтары мен жайлы қоғамдық кеңістік жасалуда. Бейбітшілік және келісім саябағының екінші кезегінде серуендеп, тынығуға арналған жаңа орын болатын классикалық үлгідегі бақ қалыптасып келеді.
Елорда келбетін өзгертудегі маңызды бағыттардың бірі – аулаларды абаттандыру. Астанада бірнеше жылдан бері «Халық қатысатын бюджет» жобасы табысты жүзеге асып келеді. Оның арқасында тұрғындар өз аудандарын дамытуға тікелей атсалысып, жобалар ұсынып, қажетті нысандарды таңдап, үйінің маңындағы кеңістіктің қандай болғанын қалайтынын айқындай алады.
Биыл елорданың барлық алты ауданында жоба аясында іске асыруға мақұлданған өтінімдер анықталды. Жаңартылған аулалардың басым бөлігі қазірдің өзінде пайдалануға берілді. Жалпы, «Халық қатысатын бюджет» жобасы арқылы Астанада 60-тан астам аула абаттандырылды.
Аула аумақтарын жаңарту жұмысы алдағы уақытта да жалғасады. Жаңа балалар және спорт алаңдары, демалыс орындары, заманауи жарықтандыру мен қосымша көгалдандыру әр аудан тұрғындарына сапалы қалалық ортаны қолжетімді етуге мүмкіндік береді.
Жыл өткен сайын Астанада отбасымен бірге уақыт өткізіп, спортпен шұғылданып, демалып, бас қосуға болатын орындар көбейіп келеді. Жаңа саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар, жағалаулар мен абаттандырылған аулалар елорданың келбетін өзгертіп қана қоймай, тұрғындар үшін тартымды орындарға айналып келеді.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қалалық инфрақұрылымды дамыту, Астананы абаттандыру және көгалдандыру бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастыруды тапсырған болатын. Қазір абаттандыру жұмысы елорданың барлық алты ауданында жүргізіліп жатыр. Соңғы жылдары Астанада шамамен 500 қоғамдық және аула кеңістігі абаттандырылды.