
Астанада биіктігі 28 метрден асатын немесе 10 және одан да көп қабатты 1138 көппәтерлі тұрғын үй бар. Қалада мұндай үйлерде өрттің алдын алу және өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Ғабит Бабаев мәлімдеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Өрттің алдын алу және өрт қауіпсіздігін күшейту мақсатында Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті жүйелі профилактикалық жұмыс жүргізіп келеді. Жыл басынан бері алдын алу іс-шаралары барысында 141 көппәтерлі тұрғын үй кешені қамтылды.
Оның айтуынша, жиі кездесетін заң бұзушылықтардың қатарында эвакуациялау жолдарының жабық болуы, өрттен қорғау жүйелерінің ақаулы немесе талапқа сай күтілмеуі, бастапқы өрт сөндіру құралдарының болмауы не жарамсыз күйде болуы, сондай-ақ өрт сөндіру техникасының ғимаратқа кіруіне кедергі келтіретін көліктердің кіреберістерге қойылуы бар.
Көппәтерлі тұрғын үйлердің аулаларына арнайы техниканың кедергісіз кіруіне де ерекше көңіл бөлінеді. Жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметкерлері прокуратура органдарының үйлестіруімен рейдтер өткізіп, төтенше жағдайлар қызметінің жұмысына кедергі келтіретін заңсыз бөгеттерді анықтап, жоюда.
Рейдтер барысында заңсыз орнатылған бетон блоктар, бағаналар, шынжырлар және басқа да қоршаулар, сондай-ақ талапқа сай қойылмаған әрі өрт сөндіру техникасының өтуіне кедергі келтіретін автокөліктер анықталады.
«Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды аулаларға өз бетінше қоршау орнатпауға және өрт сөндіру техникасының кіріп-шығуына кедергі келтіретіндей етіп көлік қоймауға шақырады.
Өрт болған жағдайда әр минуттың маңызы зор. Көлік немесе қоршау бөгеп тұрған бірнеше метрдің өзі өрт сөндіру-құтқару бөлімшелерінің жұмысына айтарлықтай кедергі келтіруі мүмкін.
Көппәтерлі тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыру жұмысы жалғасып жатыр. Басты міндет – заң бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, олардың нақты жойылуын қамтамасыз ету және адамдардың қаза болуы мен жарақат алуына әкелуі мүмкін жағдайларға жол бермеу», – деп қорытындылады спикер.